04 там, 2017 сағат 10:05

Шалғайдағы Шұбартау. Жабылған ауданның жағдайы алаңдатады

Осыдан 45 жыл бұрын сол кездегі Семей облысы, Шұбартау ауданының комсомол ұйымы бастама көтеріп, мектеп бітіретін жастарды қой шаруашылығына келуге шақырған еді. Бұл бастама Одақ көлемінде қолдау тауып, сол қолдаудың арқасында шалғайдағы Шұбартауға жарық келіп, теледидар қосылып, Аягөз бен Қарағанды бағытына күре жол салынғанын аға буын өкілдері жақсы білсе керек. Ал ...45 жылдан кейін кезінде мыңғыртып мал баққан Шұбартау өңірінде қой бағатын жастар қалмады дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Шамамен қырық бес жыл бұрын салынған жол да сол салынғаннан бері жөндеу көрмеген болар, сірә!

Жұртты шаршатқан жол

«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, Шұбартау өңірін үш күнге жуық аралағанда қай ауылға барсақ та жұрттан естіген ең әуелгі сөзіміз «жол» болды. Тұрғындар жолдың жайын айта-айта шаршағандарын айтады. Аудан орталығы Аягөз бен бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы Баршатастың арасы 175 шақырым екен. Осы қашықтықты тұрғындар 4-5 сағат жүретін көрінеді. «Аягөздегі сағат 10-дағы жиналысқа бару үшін таңғы сағат 3-4 кезінде жолға шығамыз. Әйтіп-бүйтіп үйге жеткенше ымырт үйіріледі. Аудан орталығына 250 шақырым жердегі Емелтау ауылының тұрғындарына тіпті қиын. Олар бізден де қашықта жатыр ғой. Жол жақсы болса, 175 шақырым дегенің 2 сағаттық жол емес пе?!», - дейді Байқошқар ауылының әкімі Саятбек Шымыров.

 Аягөз-Баршатас бағытындағы асфальт жол

«Аягөз бен Баршатас арасындағы жолдың жағдайы барлығымызды алаңдатады. Бұл мәселеге аудан басшылығы дұрыс көңіл бөлмей отыр. Көңіл бөлсе, жылына жоқ дегенде 20 шақырымнан жөндеп отырса, әлдеқашан бұрынғы аудан орталығы Баршатасқа жеткен болар еді ғой», - дейді Мәдениет ауылында тұратын, ел мен жердің жағдайына қанық Совет Мұқашев ақсақал.

«Бұл жол науқас тұрмақ, сау адамды ауру қылады. Жұмыстың көбі аудан орталығында бітетіндіктен, еріксіз баруға тура келеді. Барлық мекеме сонда ғой. Мына іргедегі 30 шақырымға жуық Байқошқар, 40 шақырым жердегі Малгелді, басқа да ауылдардан сырқаттанған жандар әуелі бізге, Баршатасқа келеді. Қолымыздан келген ем-домымызды жасаймыз, шамамыз жетпесе, Аягөзге жібереміз. Өздеріңіз ойлай беріңіздер», - дейді Баршатас ауылдық ауруханасының учаскелік терапевті Салтанат Гайсина.

Осы өңірді бетке аларда «ең әуелі қай ауылдарға барғанымыз дұрыс?» деп жөн сұрағанда «Шұбартаудың жайына қаныққыларың келсе, ең түкпірде, елдің шетінде, желдің өтінде жатқан Емелтау мен Жорғаға барыңдар», – деп жол сілтеген-ді елдің жайын білетін ағаларымыз. Бірақ Жорғаға бара алмадық. Кезінде өз алдына мектебі, шағын емханасы, 500-ге тарта тұрғыны болған елді мекенде бүгінде бір ғана шаруа қожалығы отырғанын естіп, Қарағанды облысымен шекаралас Емелтау ауылына баруды жөн деп шештік.

Иендегі интернетсіз ауылдар

Аягөзден гөрі Қарағанды облысына тақау орналасқан, табиғаты да өзгеше бұл ауылда 511 адам тұрады екен. Кезінде Шұбартау софхозы ретінде дүркіреп тұрған тұста мұнда 36 мың қой, 4 мың жылқы болыпты. Бүкіл Шұбартау өңірінің жылқысы осы жерде бағылыпты. Емелтау ауылының әкімі Рақымбек Ыбырайұлы бүгінде кешегі ақтылы қойдан 10 мың, алалы жылқыдан 400 бас қалғанын айтты. Ауыл тұрғындарының дені мал бағып, өз күндерін өздері көріп отырғанымен, біраз бөлігі елдімекеннің іргесіндегі Шарық пен Тасқора, Қарағанды облысына қарасты Саяқ кеніштерінде еңбек етеді екен.

«Ауылдың талай адамдарын осы кен орындары ұстап тұр деуге болады. Қолдан келген көмектерін аямайды. Мәселен, Шарық кен орны ауыл тұрғындарынан етті 1200, сүтті 100 теңгеден сатып алады. Мектептің 34 оқушысын ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Алтын өндіретін Тасқора мен кезінде мрамор шығарған Тасоба кеніштері қазір тоқтап тұр. Осы екі кен орнының жұмысы жанданса, халыққа әжептәуір көмек болар еді», - деген ауыл әкімі сөз арасында елдімекенде әлі күнге дейін интернет пен ұялы байланыстың жоқтығын айтып қалды.

Облыс орталығы Өскеменнен 500, аудан орталығы Аягөзден 250 шақырым қашықтықта жатқан ауылдағы тағы бір түйткілді мәселе – кепілдік жайы. Емелтау ауылдық округінің бас маманы Өмір Жолдыбалин елдімекеннің 14 тұрғыны кепілдіктің кесірінен несие ала алмай отырғанын жеткізді.

«Бірі мал бордақылау алаңын ашсам дейді. Енді біреуі тігін цехын, тағы бірі көліктерге қызмет көрсететін орталық ашқысы келеді. Олардың кепілдікке қоятын техникалары да, қалада үйлері де жоқ. Банктер 2010 жылдан бергі көліктерді ғана кепілдікке алады. Ауылдағы құны әрі кетсе 300-400 мың теңгеден аспайтын үйлерді олар дұрыс бағаламай отыр», - дейді ауылдағы шаруалардың құжаттарын жинап, Аягөз бен екі ортада алашапқын болып жүрген бас маман.

Кепілдік, ұялы байланыс пен интернет мәселесі жалғыз Емелтауда ғана емес, бұрынғы Шұбартау ауданына қараған ауылдардың көпшілігінде бас ауруына айналып отырғанын аңғардық. Емелтау, Өркен, Байқошқар ауылдарында қалта телефоны мүлде ұстамайды екен. Қалған ауылдарда ұялы байланыс бірде ұстап, бірде ұстамайтынын, интернеттің тек мектепте, оның өзі ілдәбайлап, әзер ұстайтынын, жылдамдығы өте төмен екенін тұрғындардың өз аузынан естідік.

10 мың тұрғынға – 5 дәрігер

Шұбартауға арнайы ат басын бұрған соң бұрынғы аудан орталығы Баршатасқа соқпай кеткеніміз жарамас деп ауылдағы дәрігер, мұғалім қауымымен жүздесіп, ақсақалдармен тілдестік.

Кезінде 5 мыңнан астам тұрғыны болған Баршатас ауылында бүгінде 2281 адам тұрады. Бұрын 700-ге тарта оқушысы болған мектепте қазір 317 бала білім алып жатқан көрінеді. Балабақшада 50 бүлдіршін бар екен. Жұмысқа кіріскеніне 8 ай ғана болған ауылдың жаңа әкімі Бақытжан Жұмаханов елдімекендегі мәселелерді жасырмай айтып, соңғы жылдары халықтың көшуі бұрынғыға қарағанда саябырсығанымен, жастардың азайып, зейнеткерлердің көбейіп, демография мәселесінің қиын болып тұрғанын қинала жеткізді. Ауылда тұрақты жұмыс орындары аз болғандықтан, мектеп түлектерінің көбінің туған мекендеріне оралғысы келмейтінін тілге тиек етті. «Баршатаста жұмыс табу қиындау болып тұр. Ауылдың кейбір тұрғындары маңайдағы кеніштерге барып жұмыс істеп жүр. Шұбартауда малдан басқа не бар?! Малмен шұғылданғысы келетін тұрғындар бар. Соларға көмектесейік деп «Баршатас агро», «Шұбартау агро» деген ауыл шаруашылық кооперативтерін құрып жатырмыз», - деген ауыл әкімі Шұбартау өңірінде орналасқан кен орындары жергілікті тұрғындарды жұмысқа көбірек алса, осы мәселеге аудан, облыс басшылығы тарапынан назар аударылып, көңіл бөлінсе деген өтініш айтты.

Баршатастағы аурухана ғимараты

Ал Баршатастағы жалғыз мектептің директоры Гүлнұр Сиқымбаева оқушыларға заман талабына сай білім беруге тырысып жатқандарымен, интернет, компьютер секілді дүниелердің жетіспеушілігі қолбайлау болып отырғанын жасырмады. «Мектепте оқушыларға білім беретін барлық жағдай бар. Мұғалімдеріміз де білікті. Бізді қинайтыны – мектептің компьютерлермен дұрыс жабдықталмауы. Бір ғана компьютер бөлмесі бар. Онда 18 компьютер орналасқан. Көбі ескірген. 100 балаға 3-4 компьютерден келеді. Тағы бір мәселе, бізде авто мектеп жұмыс істейді. Мұндағы айналдырған екі техниканың екеуі де тозып тұр. Осы жағынан көмек болса, жаңа техникалар сатып әперілсе, оқушыларымызды мектеп бітіргенде дайын кәсіби маман ретінде әзірлеп шығарар едік», - дейді мектеп директоры.

Бұрынғы аудан орталығындағы халықтың біраз бөлігін жұмыспен қамтып отырған мекеменің бірі – Баршатас ауылдық ауруханасы. Үлкендігі облыс орталығындағы ауруханалардан кем түспейтін ғимараттың көп бөлігі қаңырап бос тұрғанын байқадық. Бүгінде мұнда ұзын саны 50 адам еңбек еткенімен соның 5-уі ғана дәрігер. Мекеменің бас дәрігері Марат Өнербаевпен әңгімелескенімізде қазіргі уақытта емханада хирург, окулист сынды мамандардың орны бос тұрғанын, мұндағы ультра дыбысты тексеру құрылғысының ескіргенін айтып, жаңадан берілсе деген өтінішін айтты. «Өйткені, біз тек Баршатасқа ғана емес, Байқошқар, Емелтау, Мәдениет, Өркен, Малгелді, Қосағаш, Бидайық секілді ауылдарға, ұзын саны 10 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетеміз. Егер емханаға жаңа УТД құрылғысы қойылса, тұрғындарды 175 шақырым Аягөзге сабылтпай осы жерде-ақ медициналық қызмет көрсетер едік. Өзі науқас адамды сонша жерге жіберу қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті ғой. Аяғы ауыр әйелдерді де Аягөзге жібереміз. Жарайды, олар аудан орталығында босансын. Оған қарсылығымыз жоқ. Алайда босанғанға дейінгі медициналық қызметтерді осы жерде-ақ көрсетсек болмай ма?» -, дейді бас дәрігер.

«Ақтоған» су бөгеті қайта қалпына келе ме?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында жерді пайдаланудың тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталып, «Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет» деген еді. Мемлекет басшысы жүктеген міндетті жүзеге асыруға бүгінде көп бөлігі игерілмей бос жатқан Шұбартаудың кең даласы әбден сұранып тұр деуге болады. Бұл өңірдегі көп жылдан бері ескерілмей, назардан тыс қалып, жөнді көңіл бөлінбей келе жатқан мәселені Мәдениет ауылында тұратын Совет Мұқашев ақсақалдың аузынан естідік. Кезінде Шұбартау совхозының директоры, Көктал софхозының ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған ақсақалдың айтуынша, Қосағаш ауылы маңындағы Бақанас өзеніндегі «Ақтоған» су бөгеті Совет заманында Шұбартаудың бір емес, бірнеше ауылын мал азығымен қамтамасыз етіпті. Сол кездері бес мың гектар суармалы жердің игілігін бұрынғы аудан орталығы Баршатастың да халқы көрген екен.  

«Аудан тарағаннан кейін «Ақтоғанмен» қош айтыстық. Есігін, өзге де құрылғыларын көз алдымызда тонап, метолломға өткізді. Иесіз қалды. Иесіз қалғаннан кейін тозды, бүлінді. Одан кейін әкімдіктегілер жөндеген болды, жасаған болды. Бірақ нәтиже жоқ. Өзен қатты тасығанда бұзып кетеді. Егер Үкіметтен қомақты қаржы бөлініп, осы тоған қалпына келтірілсе, төрт бірдей ауыл – Баршатас, Қосағаш, Мәдениет пен Бидайықтың халқы игілігін көрер еді. Бұл кезінде бүкіл Шұбартау ауданын сумен қамтамасыз еткен жер ғой. Шұбартаудың шаруалары жыл сайын қысқы мал азығын дайындау үшін қаңғып жүріп шөп шабады. Өзеннің бойындағы дайын тұрған суармалы жерді неге қалпына келтірмеске?!», - дейді Совет ақсақал. Мәдениет ауылдық округінің әкімі Бауыржан Мұқашев су бөгетінің жобасын жасау үшін 5 миллион теңге көлемінде қаражат қажет екендігін айтады. Оның айтуынша, су арнасын қайта қалпына келтіру үшін 200 миллион теңге шамасында қаржы керек. Бұған әрине, аудан мен облыстың шамасы жетпейтіні анық...

Түйін

Шұбартаудағы халықты толғандырған ең үлкен мәселе жол екенін айттық. Түйткілді мәселені шешу бағытында аудан тарапынан қандай жұмыстар атқарылды? Алда нендей жоспарлар бар? Бұл жөнінде Аягөз аудандық мәслихатының хатшысы Сейілбек Ысқақов қысқаша айтып берді.

«Бұл өңірдің негізгі проблемасы - республикалық маңыздағы «Қарағанды-Боғас» бағытындағы Аягөз бен Малгелді ауылының арасындағы 245 шақырымдық жол. Жергілікті тұрғындар жолдың азабын көптен бері тартып келеді. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутатты Нұртай Сабильянов та талай мәрте көтерді. Аудан басшысы да бұл шаруамен шұғылданып жүр. Осы өңірдің тумасы әрі осы жақтан сайланған депутат ретінде өзім де жол мәселесін үнемі назарда ұстап келемін. Былтыр Шұбартаудың жолдарының біраз бөлігіне топырақ төгілді. Биыл осы жолдың 10 шақырымына (Аягөзден шыққаннан кейінгі 50 шақырымнан 60 шақырымға дейінгі аралық) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс басшылығы да бұл мәселеден хабардар. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов бұл жолдың жағдайын жақсы біледі. Ол кісі биыл 20 маусымнан бастап Баршатасқа дейінгі жолға жамау жұмыстары жүргізілетінін айтты», - деген аудандық мәслихат хатшысы Шұбартау өңіріндегі интернет, ұялы байланыс, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерге алдағы уақытта да қозғау салынатынын жеткізді.

Азамат Қасым

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы.

Суреттерді түсірген - автор