ҚР Парламент Мәжілісінің бүгінгі отырысында депутат Сергей Звольский ұялы байланыс операторларының шығындарын ел бюджетінен өтеу мәселесін көтерді. Алдағы екі жылда осы мақсатта қосымша 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінбекші. Осыған байланысты С.Звольский ұялы байланыс желілерін кеңінен дамыту арқылы бюджет шығындарын барынша азайтуды ұсынып, осы мәселе бойынша ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың жауап беруін сұрады, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.
"Қазіргі кезде біз ұялы операторларға субсидияны не үшін бөліп отырмыз? Бұл жерде бір мәселені түсініп алу қажет, ұялы байланыс операторларының шығындары тек 500+ (абоненттердің саны-авт) көрсеткіші бар елді мекендерде ғана ақталады. Ал 50+ көрсеткіші бар ауылдарға олар барғысы келмейді. Сол себепті біз қосымша субсидия беріп, ондай ауылдарды ұялы байланыспен қамтамасыз етуге тырысып келеміз" , - дейді Д.Абаев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ауылдарға кең жолақты ғаламтор тарту бағдарласы аясында да бұл мәселені шешу жұмыстары атқарылып жатыр. Министрлік ұялы байланыс опареторларының шығындарын ақтау көрсеткішін көтеруді көздейді. Соның арқасында субсидиялардың көлемін азайтуға болады.