Фото: pexels.com
Шахтинск қаласынан 2 шақырым жерде, Ленин атындағы шахта аймағындағы жасанды су қоймасында 1 маусымда қайықпен кетіп оралмаған екі ер адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2 маусым күні таңертең құтқарушылар жағадан 500 метр қашықтықта болған моторлы қайықтан 1958 жылы туған ер адамның денесін тапты. 1967 жылы туған екінші ер адамды іздеу жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен өлім себебі әзірге белгісіз, - деп хабарлайды Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.
Іздестіру жұмыстарына ТЖД жеке құрамының 7 қызметкері мен 2 авариялық-құтқару техникасы, Жедел-құтқару жасағының 5 маманы мен 2 техникасы, 2 су көлігі және 1 квадрокоптері, Ішкі істер бөлімінен 10 адам және 2 техника, 10 ерікті мен 2 техника жабдығы жұмылдырылған.
Қарағанды облысының ТЖД балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін және су құралында құтқару жилетін кию немесе құтқару құралын пайдалану қажеттігін еске салады.