02 там, 2021 сағат 14:10

Шахтинскідегі боксшы өлімі: сот үкімі шықты


Қарағанды ​​облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шахтинск қаласының боксшысы Иван Тацийдің өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды. Айыпталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қылмыстық істі Қарағанды ​​облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов қарады. Сотталушы ҚР ҚК-ның 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сотқа тартылды. Сот оны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтеуге үкім шығарды.

"2020 жылдың 20 тамызында Шахтинск қаласында сотталушы достарымен бірге автовокзал артына Иван Тацийді бұрын болған келіспеушілікті шешу үшін шақырған. Сол төбелес кезінде Иван пышақталған. Сотталушы пышағын жолдың бойына лақтырып, оқиға орнынан қашып кетті. Оның кінәсі айғақтармен, бейнежазбалармен және сот-медициналық сараптамалармен дәлелденді", - деді Қарағанды ​​облыстық қылмыстық іздестіру басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, ҚР ҚК-ның 99-бабының санкциясы бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Сотталушы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ол жасаған ісіне өкінген жоқ. Сондықтан, ол қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деді сот.

Еске салайық, 2020 жылдың 20 тамызына қараған түні Шахтинск қаласының орталық ауруханасына пышақ жарақатымен 24 жастағы қала тұрғыны жеткізілген. Жас жігіт ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер барлық күш-жігерлерін салғанына қарамастан жігітті аман алып қала алмады. Кейін марқұмның кәсіпқой бокспен айналысқаны белгілі болды. Оны өлтірді деген күдікпен Шахтинск қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Қайтыс болған адам мен ұсталған жігіт бұрын дос болған.