Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев журналистермен кездесіп, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахталарындағы жағдай және қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көрсетілген материалдық көмек туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда компанияның төрт шахтасы толық жұмыс істеп жатыр. "Қазақстанда" өрт салдарын жою жалғасуда, Костенко атындағы шахтада апатты тергеу жүріп жатыр.
"Мамандардың бағалауы бойынша Костенкодағы жұмысты толық қалпына келтіру үшін тағы 2–2,5 ай қажет болады. Шахталарды жабу туралы әңгіме болған жоқ. Олар жұмыс істейді", – деп сендірді Бөлекпаев.
Сондай-ақ ол кеншілер мен металлургтердің жалақысын төмендетуге қатысты өзгерістер мен қысқартулар болмайтынын жеткізді.
"Ұжымдық шартқа сәйкес барлық міндеттеме орындалатын болады. Қаза тапқан кеншілердің отбасылары барлық қажетті көмекті алады", - деп толықтырды әкім.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем құжаттарын ресімдеген, 42-сі төленіп, қалғандары төлемді алып жатыр. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 23 жасқа дейінгі ЖОО-да оқитын кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған.
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы тарапынан 41 отбасыға 10 жылдық жалақы төленді. Қаза тапқан кеншілердің, олардың жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді.
Сондай-ақ, компания әрбір отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр пайдалы алаң есебі бойынша пәтер сатып алуға міндеттенеді. Сақтандыру төлемдері, жоғары оқу орындарындағы балалардың 23 жасқа дейін оқу ақысын өтеу қараша айынан бастап түсе бастайды", – деп атап өтті өңір басшысы.
Облыс әкімі "АрселорМиттал Теміртау" қаза тапқандардың отбасылары алдындағы барлық міндеттемені орындайтынын атап өтті.
Медициналық мекемелерде әлі де зардап шеккен 10 кенші жатыр. Олар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары орташа және жеңіл деңгейде деп бағаланады.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан жарылып, салдарынан 46 кенші көз жұмды. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Осы апаттан кейін Президент "АрселорМитталмен" инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Үкімет компанияны Қазақстан пайдасына беру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.