17 қаң, 2017 сағат 08:55

Шахановтың қоғамдық қорғаушылары

“Мұха, бiздi бастаңыз. Ендi аянатын ештеңе қалған жоқ. Соңыңыздан ердiк”, – дескен жастар күн сайын топ-топ боп, жұмысыма келе бастады. Олар тiптi басыма төне бастаған қауiп-қатердi де алдын ала ескерiп, маған бiлдiртпей, “Шахановты қорғайтын топ” деген жасырын ұйым құрыпты. Бұрын саясатқа араласпаған денi таза, көзқарасы айқын, тiлеулес, рухтас адамына қоң етiн ойып беруге әзiр тұратын мұндай жаңа толқынның бел алып, бiлек қосқаны көңiлiме едәуiр үмiт ұялатты.

Бiр күнi түнде үш-төрт сағат қағазға шұқшиып отырғандықтан, он-он бес минут бой жазып келейiн деп сыртқа шықсам, арқамнан есiк алдында тұрған екi жiгiт iлесе жүрдi. Оңға бұрылсам – оңға, солға бұрылсам – солға, тоқтасам – тоқтайды. Көңiлiме ыңғайсыз күдiк ендi. Жұрт ары-берi жүрiп жатқан, электр жарығы бар жерге шығып, әлгiлерден қалай құтылудың жолын ойлап тұрғанымда, олар қасыма келiп, қол берiп амандасты да: “Бiзден қауiптенбеңiз. Бiз сiздiң қоғамдық қорғаушыларыңызбыз”, – дедi.

– Егер кейбiр түндерi сыртқа, серуенге шықпай, үйiмде ұйықтап жатсам да сендер менi есiк алдында күзетiп тұра бересiңдер ме? – деп сұрағанымда, әлгi жiгiттердiң бiрi:

– Бiз үлкен топпыз. Кезектесiп күзетемiз. Сiздiң аман-сау жүруiңiз ұлт үшiн қажет, – дедi.

Аз-кем үнсiздiктен соң екiншi жiгiт қасыма келiп:

– Аға, құттықтаймыз. Есiттiңiз бе, есiтпедiңiз бе? Бүгiн сiз спортсмендердiң үлкен жиынында Республика кикбоксингтерiнiң президентi боп сайландыңыз! – деп қолымды қысты.

– Түсiнбедiм, бұл әзiлдерiң бе, шындарың ба? – дедiм мен таңданып.

– Мен өмiрiмде бiр күн спортпен шұғылданбаған пендемiн. Байқаусызда бiреу сәл итерiп жiберсе құлағалы тұрған адам қалай республика кикбоксингiнiң президентi бола алады? Бұларың анекдоттың анекдоты ғой...

– Бiз сiздiң спортпен шұғылданбағаныңызды да, қара күш жағынан тым әлсiз екенiңiздi де жақсы бiлемiз, – дедi әлгi жiгiт жымиып. – Бiрақ, сiз елiмiздегi рухы күштi санаулы адамдардың бiрiсiз. Сол үшiн де билiктегi кейбiреулер сiздiң көзiңiздi жойғысы келедi. Қазiргi таңда Желтоқсан шындығын ашуда сiзден батыл, сiзден ыңғайлы адам жоқтың қасы. Мiне, сондықтан да, Шаханов жалғыз емес, ол – республика кикбоксингтарының президентi, оның арқасында қаптаған күш иелерi тұр. “Кiм де кiм оған қарсы қол көтерер болса үлкен қасiретке жолығады” деген ойды сездiру үшiн бiз сiздi кикбоксингтердiң президентi етiп сыртыңыздан сайлап жiбердiк. Мұндай еркiндiгiмiзге сiзден кешiрiм сұраймыз. Бiрақ, бұл идеяны ұсынған iнiңiз, белгiлi кикбоксинг чемпионы – Сабыржан Махметов. Ол ертең сiзге өзi барып жолығады.
О тоба, ойым түгiлi түсiме кiрмеген, осындай күтпеген оқиғаға жолығамын деп кiм ойлаған.

Мұхтар Шахановтың фейсбуктағы жазбасынан