Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАпарат.
Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамалары шеңберінде наурыздан бастап жалпы сомасы 600 млрд теңгеге қаржыландыру лимитімен шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау үшін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы іске асырылып келеді.
«Бағдарлама төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен қаржылық жай-күйінің нашарлауы байқалатын ШОБ субъектілерін қолдауға бағытталған. Қаржылық жағдайдың нашарлауына тауарларды/қызметтерді сатудың төмендеуі, сатып алушылардан төлемнің кешіктірілуі, қызметкерлердің штат санының қысқаруы негіз болуы мүмкін. Қарыз алушы қаржылық жағдайының нашарлауын растау үшін банкке тиісті құжаттарды ұсынады»,– дейді Есжан Біртанов.
Қарыздар кәсіпорындарға жылдық 8%-ға дейін сыйақы мөлшерлемесі бойынша айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Бағдарламаны қолданған уақытта 536 млрд теңге сомасына 2 207 өтінім қабылданды, 1 279 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 341,4 млрд теңге сомасына қаржыландырылды.
«Жолдауда айтылған тапсырманы ескере отырып, бұл бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады, оны қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл ретте, Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп айқындаған секторларда қолдау көрсететін болады», - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.