02 қыр, 2020 сағат 09:48

Шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету жалғасуда – Әбілқасымова

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Елдің қаржы нарығындағы қазіргі жағдай туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін мемлекеттік субсидиялау арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне қосымша көмек көрсетуді тапсырды.

Мәдина Әбілқасымова экономикадағы дағдарыс жағдайында Агенттіктің басым міндеті аталған субъектілерді қаржыландыруға қолдау көрсету және кредиттік ресурстарға қолжетімділіктің төмендеуіне жол бермеу екенін атап өтті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржылық орнықтылығы және төлем қабілеттілігі қаржы ұйымдарының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезеңінде кредиттер және микрокредиттер бойынша төлемдер мерзімі кейінге қалдырылды. Осы жылғы 16 наурыз 15 маусым аралығында 12 455 субъектінің төлем мерзімі кейінге қалдырылды, бұл кредит алушы субъектілердің 41,5%-ын құрайды. Кредиттер бойынша мерзімі кейінге қалдырылған төлемдер сомасы 164,8 млрд теңге болды», — деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъектілеріне кредиттер бойынша төлемдерді жеңілдетілген тәртіппен кейінге қалдыру не оларды қайта құрылымдау түрінде қолдау көрсету жалғасуда.

Биыл 16 маусым мен 1 қыркүйек аралығында 25 млрд теңгеге 3,3 мыңнан аса кредит бойынша мерзімін кейінге қалдыру өтінімі мақұлданды, 669 кредит алушының кредиттері қайта қаржыландырылды. Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерде шамамен 30 мың ШОБ субъектісінің 3,9 трлн теңге сомасындағы кредиттері бар. Оның ішінде 11 мыңға жуық субъект кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдік талаптарымен кредиттер алды.

Шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы аясында айналым капиталын толықтыруға 387 млрд теңге сомаға 3 308 кредит берілді. Қалған кредит алушылар «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламалары аясында қамтылған.

Агенттіктің бағалауынша, 12,5 мыңға жуық кредит алушы экономиканың төтенше жағдайды және карантин шараларын енгізуден зардап шеккен салаларында қызметін жүзеге асыруда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Агенттік Үкіметпен бірлесіп «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының талаптары бойынша экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етеді. Субсидиялау төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап, яғни осы жылғы 16 наурыздан бастап 12 ай мерзімге беріледі», — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері бойынша орташа мөлшерлеме шамамен 15%-ды құрайды, кредит алушыларды көбірек қамту үшін субсидияланатын кредиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемені 20%-дан төмен емес мөлшерде белгілеу ұсынылады. Бұл ретте орташа алғанда субсидиялау мөлшерлемесі 9%-ға дейін болады.

Мемлекет басшысы екінші деңгейлі банктердің өтімділігін бизнесті кредиттеуге бағыттау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. 

Әбілқасымованың айтуынша, кәсіпкерлерді несиелендіруді ынталандыру үшін Агенттік осыған дейін банктердің капиталы мен өтімділігін босату мақсатында реттеуді уақытша әлсіретті. Атап айтқанда, биылғы 30 қыркүйекке дейін шағын және орта бизнес кредиттері мен синдикатталған кредиттер бойынша сараланған тәуекелді азайту есебінен банктердің меншікті капиталын есептеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін екінші деңгейдегі банктер капиталының консервациялық буферіне қойылатын талап 1 пайыздық тармаққа төмендетілді, банктер өтімділігінің коэффициенттері бойынша талаптар жеңілдетілді.

«Бұл банктердің 468 млрд теңге мөлшеріндегі капиталын және 1,8 трлн теңге мөлшеріндегі өтімділігін босатуға мүмкіндік берді. Экономиканы кредиттеуді ынталандыру үшін Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп қосымша шараларды, оның ішінде пруденциялық реттеудің уақытша шараларын ұзарту бойынша шараларды әзірлейді», — деді ведомство басшысы.

Мемлекет басшысы кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру тұрғысынан, сондай-ақ кредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді саралау және төмендету бойынша қосымша реттеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Микроқаржылық қызметті реттеу тұтынушылардың, әсіресе табысы төмен әрі банктік кредиттерді ала алмайтын азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды.

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап кредиттік серіктестіктер, ломбардтар және онлайн-кредиттеу компанияларының қызметін Агенттік реттейді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ломбардтардың меншікті капиталына қойылатын талаптар күшейтілді, басшыларына қойылатын біліктілік талаптары және ломбардтардың үй-жайларына техникалық талаптар белгіленді.

«Барлық банктік емес ұйымдар есептік тіркеуден өткізілді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 3,1 мың микрокредиттеу субъектісінің ішінен 227 микроқаржы ұйымы, 202 кредиттік серіктестік және 650 ломбард есептік тіркеуден өтті. Микрокредиттеудің қалған субъектілері жұмыс істемейді немесе олардың капиталы жоқ және олар қызметін тоқтатуды жоспарлап отыр», — деді Әбілқасымова.

Жалпы алғанда, халықтың борыш жүктемесінің тәуекелдерін одан әрі төмендету үшін Агенттік кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және несиелер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін саралау бойынша шаралар қабылдайды.