Шағын қала мен ауыл дәрігерінің жалақысын теңестіру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен жергілікті өкілдік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында сенатор Ерік Сұлтанов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
«Шағын қалаларда проблемалар бар. Ол жақта бюджеттік сала қызметкерлері ауылдық жерлердегі қызметкерлерден 25 пайызға төмен жалақы алады. Бірақ, шағын қалалардағы еңбек және өмір сүру жағдайларының ауылдық жерден айырмашылығы жоқ. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар қаласында, меніңше, көптеген облыстарда дәрігер тапшылығы сынды үлкен проблема бар. Өйткені, жалақы айырмашылығы 25 пайызды құрайды. Дәрігерлер аудан орталығында жұмыс істеуден бас тартып, 5 шақырым жердегі ауылға барады. СҚО-да мұндай 4 қала бар», - деді сенатор.
Оның атап өтуінше, бұл пробелманы шешу қажет және оған айтарлықтай мол қаражат қажет емес.
Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, қазіргі уақытта шағын қалалардағы дәрігерлердің де жалақысына үстемеақы қосу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
«Шындығында да ауылдық жерлердегі қызметкерлердің үлкен артықшылығы бар. Оларға 25 пайыз үстемеақы бөлінеді. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар отын сатып алуларына немесе коммуналдық қызметтерді төлеуіне әлеуметтік қолдау көрсетіп отырады. Бүгінде дәл осы норманы шағын қалалар үшін қаралып жатыр», - деді Светлана Жақыпова.