29 шіл, 2021 сағат 17:42

Серік Сәпиев: Мемлекет тарапынан Олимпиада спортшыларына бар жағдай жасалды


Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токио Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының жай-күйі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олимпиада жақсы болып жатыр. Айта кететінім, мемлекет тарапынан, Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт түрлері бойынша федерация тарапынан спортшыларға Олимпиада ойындарына сапалы дайындалып, табысты өнер көрсетуіне бағытталған барлық қажетті жағдай жасалды. Оның ішінде материалдық қаржыландыру, оқу-жаттығу жиындары, көптеген халықаралық жарыстар, медициналық тұрғыдан шаралар жасалды. Өздеріңіз білесіздер, спортта үміттің ақтала бермейтінін есте сақтаған жөн. Алайда қазақстандық спортшылардың әрқайсысы лайықты нәтиже көрсетуі үшін бар күш-жігерін салады деп сенеміз», - деді Серік Сәпиев Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте. 

Айта кетейік, Токиодағы Олимпиадада Қазақстан құрамасында спорттың 28 түрінен 97 жолдама болған еді. Әзірге Қазақстан қоржынында үш «қола» медаль бар. Оларды дзюдошы Елдос Сметов және ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло жеңіп алды.