Серік Сәпиев мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Ақпаратты ведомство баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бұл ақпаратты растаймыз. Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев өз еркімен қызметінен босатылды", - деді комитет баспасөз қызметінің өкілі журналиске.
Айта кетейік, жазда өткен Токио Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшылар жоғары нәтиже көрсете алмаған еді.
«Басқа боксшылардың да нәтижесі мәз емес, кейбір спортшылар тиісті деңгейдегі дайындықпен келмеді. Жалпы боксшылар Олимпиадада «алтын» алмағандықтан, көрсеткіш нашар деп есептеймін», - деп бағалаған Серік Сәпиев.
Ол – бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы (69 келіге дейін), Вэл Баркер кубогының иегері, екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2007).
Сәпиев спорттағы жолын 2012 жылы аяқтады. Кейін "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Брунель университетінде білімін шыңдады. 2014-2017 жылдары "Astana Arlans" кәсіби бокс клубының бас директоры болды.
2017 жылдың 28 ақпанынан 2019 жылдың 30 қаңтарына дейін – Парламент Мәжілісінің депутаты.
2019 жылдың қаңтарынан МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды.