Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев ел спортындағы соңғы жаңалықтарға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін бұл жерге жағымды себеппен жиналып отырмыз. Жансая Әбдімәлікті осы жетістігімен құттықтаймын және құрметімді білдіргім келеді. Қазақстан спортындағы соңғы жаңалықтар біз үшін жағымды болғанын айтқым келеді. Бокстан өткен Азия чемпионатынан бастасақ, жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Әйелдер құрамасы 8 алтын медаль жеңіп алды. Өкінішке қарай, ерлер құрамасының нәтижесі соншалықты табысты болған жоқ. Бірақ лайықты шеберлік пен сапа көрсетті деуге болады», - деді комитет басшысы.
Серік Сәпиев «Ролан Гаррос» турнирінде Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жатқан теннисшілердің жетістігіне де тоқталды.
«Елена Рыбакина Қазақстан тарихында алғаш рет әлемнің бұрынғы үздік ракеткасы Серена Уильямсты жеңді. Андрей Голубев пен Александр Бублик те аталған турнирдің ширек финалына өтіп отыр», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Комитет басшысы хоккей құрамасының топтық кезеңнің сын сағатында мүмкіндікті қолдан жіберіп алғанын да еске салды.
«Хоккейші жігіттеріміз Әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне бір аттам жерден қайтқанын білесіздер. Дегенмен, бұл да үлкен жетістік. Соңғы жаңалық - дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Барлық спортшыларымызды құттықтаймын. Әрине, Жансая Әбдімәліктің жеңісі ерекше! Сіз ерлер арасында халықаралық гроссмейстер болдыңыз. Алда бұдан да үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің имиджі үшін үлкен нәтижелерге жетуіңізге тілектеспін», - деді Серік Сәпиев.