15 мам, 2017 сағат 15:55

Серғазы Қайырболды: "Көшелер қалғиды мұңсыз..."

Қазақ даласының орыс, неміс, полягы көп солтүстік аймағында қаймағы бұзылмай сақталып қалған ауылдар бар. Оларды бірде шөл даладағы оазистерге ұқсатсам, енді бірде Көкшетау өңіріндегі дөңгеленіп жатқан айна көлдерге балаймын. Сол көлдерден қанып ішіп, үлкен өнерге қанат жайып, қалың қазаққа танылып, талантын мойындатқан Сәкен Сері Жүнісов, Ермек Серкебаев сынды саңлақтар шыққан. Сол топыраққа аунап өсіп, сол бұлақтан сусындап, «Құйрығы айыр қарлығаш жайлы ертегі тыңдап көз ілген» баланың жырлары елең еткізбей қоймайды.  

Ол – мынау «қара шай татыған өмірде» сүйіктісінің «Пейіш жүрегінің тұтқыны болу үшін, қандай да қылмыс жасуға» дайын. Сонысымен қоса оның «қиялының аспанын құлпынайдан жасап беріп»,  «мұң қосылған балмұздағын ерітіп» тағатсыз күтуге бар лирик ақын.  

Ол – өлеңдерінен іңкәрлік, мөлдірлік, жылу мен мейірім есіп тұратын Серғазы Қайырболды. Сырт көзге көп түсе бермей, ертегідегі тұлпардай бой тасалап өскен осы ақын бауырымыздың бір топтамасын сіздерге ұсынып отырмыз. Оқып, бағасын беріңіздер, қадірменді оқырман.

 Мерген ТОҚСАНБАЙ


ӘЖЕ

Құйрығы айыр қарлығаш жайлы ертегі тыңдап көз ілгем,
Ұйықтап жатып ауыл сыртында жезтырнақ барын сезінгем.
Тау жатыр әне қаймаққа малған бауырсақтайын дүңкиіп,
Анау бір қырда мәңгіге шөкті аңыздан келген бозінген.

Анау бір сайда бастаңғы жасап дию мен пері топталып,
Анау бір құзды төпелеп жатыр Төбекөз дәудің тоқпағы.
Анау бір қоста Тазша мен Алдар өтірік соғып жатқанда,
Қобыздың үні өшті де қалды, Қорқыттың күйі тоқтады.

Саумалдай көлдің жағалауында бір жетім құлын кісінеп,
Қайран әжемнің торы биесі, сол түні кірді түсіме.
Ай ұқсап сүтке түбінде қалған түн деген қара шелектің,
Құс болып ұшқан ақ жаулық көрдім уыздай бұлттар ішінен.

***

Самарқау мына тірліктің басқанда мұңы,
Қай жақтан кенет естілді қасқалдақ үні?
Көбелектерше мәз болып кәрі теректер,
Жауқазындарша күліп тұр аспанда күнім.

Құлпынай түстес бұлттардың шырыны балқып,
Албырап тұрды тұмалар дірілі алтын,
Әжімді таудың мөлт еткен қуаныш жасы,
Былдырлап аққан бұлақтың бұрымы барқыт. 

Шомылды нұрға қыраттар тобылғы торы,
Қозыдай күрең бөктердің сөгілді тоңы,
Үрия қыздай қайыңдар дүрия белде,
Құсни әнмен жалғады көңілді хорын. 

Көк бұйрат қырдың сүйгенде самалы беттен,
Шалқыды көлдер, сері жел анарын өпкен,
Шыт көйлек киген қыз қайың – қолаң шаш ару,
Елесі ме екен сол қыздың, жанары көктем.

Жамылып дала алқызыл қынадай бөзді,
Қызғалдақ өңді аспанды бұла арай кезді,
Бәйшешек жырға оранған жолдармен жаяу,
Мұңымды іздеп кетсем бе, құралай көзді?!

СЕНІҢ ҒАЗИЗ АТЫҢДЫ 

Сенсің менің аппақ әнім түйсігімде түнеген, 
Саған ғана арналады бал татыған бұл өлең. 

Түймедақтай күлкің сенің – менің ұлы шаттығым, 
Саған берер бахар сыйым – балмұздақтай тәтті мұң. 

Бұрымыңда сылдыр қақса кәусәрліктің дастаны, 
Құлпынайдан жасап берем қиялыңның аспанын; 

Көбелекке айналдырсам сенің әрбір сөзіңді, 
Байқармысың кеудемдегі құдіретті сезімді? 

Жанарыңда мөлтілдеген сол бір ару ғазалды 
Қара түннің мың бірінші қанатына жазармын. 

Таңда бұлбұл жыр қып оқып сол аңсарлы хатымды, 
Періштелер ән қып айтар сенің ғазиз атыңды. 

КЕЗДЕСУ

Сарсаң қылған махаббаттың қуаты,
Бебеу қаққан жүрегімді уатып.
Күттім сені, ғасырдай боп әр минут,
Күттім сені, өтпей қойды уақыт.

Алаулатып бойымда бар аңсарды,
Қызыл іңір төгіп тұрды кәусар мұң.
Еріп жатты мұң қосылған балмұздақ,
Күтті сені қолымдағы раушан гүл.

Хабаршысы баяу аққан уақыттың
Көкжиекке бара жатты батып күн.
Күттім сені күткендей боп мамырды,
Күттім сені күткендей бір бақытты.

Нұр күлкіңдей шешімі жоқ жұмбаққа
Нәрестедей сезіміңді құндақтап,
Сен келесің өміріме жыр болып,
Сен келесің мамыр болып бұл баққа.

Бұла кеште жүрегіме төккен нұр,
Сүйдім сені, іңкәрлікке бөккен гүл,
Маған пейіш секілді енді бұл қала,
Маған жұмақ секілді енді көктем бұл.

Бұла кеште жүрегіме төккен нұр
Маған бақыт секілді енді көктем бұл.
Қарашы әне ақшам қандай іңкәрлі,
Қарашы әне аспан қандай мөп-мөлдір.



                                                                  Т...

Қала,
Көше,
Шамдар,
Фонтан
сіңіп кеткен
сағымға,
Көпір,
Өзен,
Вокзал,
Үйлер,
Шатыр,
Мұржа,
Қабырға,
бәрі-бәрі 
баяғыда
Көбелекке айналған,
Тек сен барсың
бұл әлемде,
Сосын...
аздап 
Мамыр бар.

Т...

Саған енді айтар сөзім жоқ менің
Саған жазар жырым, міне, таусылды
Жұлдыздардың сыңғырынан көктегі,
Еміс-еміс естіп тұрам даусыңды.

Әттең, олар жерге келіп қонбайды,
Жұлдыз біткен сөнеді екен таңда әлі.
Соңғы әнін шырқасын деп сен жайлы,
Көшелердің жылап қалған шамдары.

Мына қала ұмытсын деп сені енді,
Көгершіндер жайып ұшар қанатын.
Көкжиектен арайланған өлеңді,
Алып келе жатыр әне таң ақын.

***

Мына қала ғажайыпқа сенбейді,
Мына көше бізді мұңнан емдейді,
Мына шамдар түніменен сөнбейді,
Мына шамдар сағынбайды ешкімді.

Мына аула ешқандай түс көрмейді,
Мына үйлер бізді өзіне жерлейді,
Мына әткеншек бізді мәңгі тербейді,
Мына әткеншек ойламайды ештеңе.

Мына көктем түсімізге кірмейді,
Мына ағаштар таңда қайта гүлдейді,
Мына жүрек ештеңе де білмейді,
Мына жүрек сүйе алмайды ешкімді.

АЛА ҚАРҒА

Мен,
Сен жүрген көшемен жүріп,
Адасып кетсем ғой,
Өзім-өзімді таба алмайтындай.

Жоқ болып кетсем де арман жоқ,
Қайтадан жаралмайтындай.

Пейіш жүрегіңнің тұтқыны болу үшін,
Қандай қылмыс жасайын?!

Тамұқтай мүңкіген мына тірлікке,
Оралмайтындай.

Амал не,
Уақыт –  тұтанған темекі,
Өмірдің сасық аузында бықсыған.

***

Қар жауып тұр,
Жай ғана қар жауып тұр;
Қартамыс теректер тоңғақ,
Шатырда жаурап тұр мұржа,
Мұржада қалғып тұр қарға,
Қара боп туған,
Сол үшін ырза.
Ұйқысы қанбаған көше,
Автобус асығыс,
Осылай жылжиды 
Қара шай татыған өмір.
Ренжіме, Серғазы мырза!
Ренжіме, бұл заң!
Тіршілік – бітпейтін күйбең,
Темекі тартуды үйрен!

***

Бұлыңғырлау аспаны бұл қаланың,
Қайыңдар тұр бұрымын мұңға малып,
Тереземнің алдында...
...ешкім де жоқ
Тереземді қаңғыбас түн қағады.

Бұлыңғырлау аспаны бұл қаланың,
Қайыңдар тұр бұрымын мұңға малып,
Мен ешкімді күтпеймін, сағынбаймын,
Маған хаттар келмейді гүлге оранып.

Бұлыңғырлау аспаны бұл қаланың,
Қайыңдар тұр бұрымын мұңға малып,
Ешқандай түс көрмеймін мен бұл түні,
Тереземнің алдында
Түн,
Қала,
Мұң.

***

Көшелер қалғиды мұңсыз,
Қайыңдар,
Қайыңдар үнсіз. 
Мұңайып өттіңіз неге?
Сіз қайдан келесіз?
Кімсіз?

Көшелер қалғиды мұңсыз.
Қайыңдар...
қайыңдар үнсіз,
Сағынғым келеді сізді!
Сіз қайда барасыз?
Кімсіз?

Ұлт порталы