28 қыр, 2021 сағат 09:20

"Сенсация". Тоқаев футзалдан Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев футзалдан Қазақстан құрамасын әлем чемпионатының жартылай финалына шығуымен құттықтады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.

«Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, керемет сенсация жасады. Құтты болсын! Алдағы ойындарына да сәттілік тілеймін!», - делінген мәтінде.

Айта кетейік, футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы ирандық футзалшылармен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын

Финалға шығу үшін енді олар Португалиямен күш сынаспақ. Матч 30 қыркүйекте өтеді. 1/2 финалдағы екінші жұп Бразилия мен Аргентина болды.

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионатының финалдық сатысында екі мәрте бақ сынаған еді. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті. 

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.