Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен кездесіп, еліміздің әскери өнеркәсіп кешені мен аэроғарыш саласын дамыту мәселелерін талқылады.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов депутаттарға бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол сондай-ақ сенаторларға «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» заң жобасын таныстырып, қорғаныс және аэроғарыш қызметі мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып берді.
Сенаторлар жыл бойы осы саланы егжей-тегжейлі зерделеді. Олар «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының, Ақкөл қаласындағы ғарыш кемелері мен байланыс мониторингі жүйесін басқарудың жер үсті кешенінің қызметімен танысты, «Eurocopter» тікұшақ құрастыру зауыты мен Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты бірқатар кәсіпорындарда болды. Шаралар қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірленіп, үкіметке жіберілді.
Сенаторлар Серік Жақсыбеков пен Талғат Мұсабаев қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының өндіріс қуатына сай толық көлемде жұмыс берілмей отырғанына, дамудың стратегиялық жоспарының жоқтығына, білікті мамандар саясатына қатысты бірқатар сын ескертпелерін айтты.
Жан-жақты пікірсайыстан кейін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева талқыланған мәселелер Қарулы күштерді қайта жабдықтау тұжырымдамасын іске асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Қазақстанда таяу жылдарда қорғаныс өнеркәсібінің 9 кәсіпорнында технологиялық жаңғырту жүзеге асады және келешегі зор өнімдер өндіруге бағдарланған, экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар әрбір кәсіпорынды жаңғырту жөніндегі жол картасы әзірленді.