Парламент Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков Маңғыстау облысында жұмыс бабындағы сапарда болды. Мұнайлы ауданындағы «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Маңғыстау темір жол бөлімшесі ғимаратында сенатор жұмысшыларымен және басқа да сала өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алға қойылған міндеттермен қатар әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында болатын өзгерістер туралы айтылды. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша Елбасының тапсырмалары мен тұрғын үйдің сапасы және қол жеткізу мүмкіндіктері, басқа да игіліктерді іске асыру үшін барлық қажетті жұмыстар жасалатыны талқыланды.
Сонымен қатар, медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру, науқас жандарды емдеу ісін ұйымдастырудағы жаңалықтарды қолдау, учаскелік дәрігерлердің еңбекақысының кезең-кезеңмен көбейтілетіні туралы да айтылды.
Ұстаздарға қатысты «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленетіні және ол мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін қуанышты жаңалық екені айтылып, мұғалімдерге қойылатын негізсіз жүктемені азайтуға мүмкіндіктер туралы әңгіме болды.