Сенатор Дүйсенғазы Мусин жұмыс бабымен Семей қаласында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутат тасқын суға байланысты төтенше жағдайға орай журналистермен тілдесіп, өз ойын білдірді.
– Қала әкімімен атқарылатын жұмыстар туралы сөйлестік. Су апатына облыс,қала әкімдіктерімен келісілмей, Шүлбі су электр станциясы секундына 1800 текше метр суды өткізуі басты себеп болып отыр. Менің ойымша, «Қазгидромет» мекемесі қатқан тоңның тереңдігіне байланысты дұрыс болжам беруі тиіс еді. Оларда ұзақ мерзімді болжамдар бар, яғни, олар осылай боларын күтті ғой. Кемшіліктер бар екені даусыз. Облыс әкімі жергілікті құтқарушылардың жабдықтары жетіспейтінін, техниканың аздығын айтты. Менің ойымша, бұл мәселені орталық атқарушы органдар қарайтын болады, - дейді Дүйсенғазы Мусин.
Сондай-ақ Д.Мусин қаладағы Д.Қалматаев атындағы дәрігерлік колледждің, педагогикалық және көлік колледждерінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп, Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді.
Су тасқынынан зардап шеккен «Мирный» ауылында болған сенаторөңірдегі тасқын суға байланысты қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.