Фото: facebook.com/clinikamtnuriya
Сенатор Нурия Ниязова өзінің депутаттық сауалында «Ақсай» балалар клиникалық ауруханасындағы оториноларингология және бет-жақсүйек хирургиясы қызметін жабдықтау мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Сенатордың айтуынша, емдеу мекемесіндегі реконструктивті хирургия ерін мен таңдай жырығы сияқты туа біткен патологиясы бар балаларға көмектеседі. Кейбір өнеркәсіпті аудандарда бұл мәселе әлемдегі орташа деңгейден әлдеқайда жиі кездесетіні сарапшылардың алаңдаушылығын туғызып отыр.
«Ақсай» ауруханасы жыл сайын 2 000-ға дейін осындай операция жасайды. Онда бет-жақсүйек хирургиясы мен оториноларингологиямен қоса ауыр диагнозы бар 5 000-нан астам балаға жоғары білікті көмек көрсетіледі. Ал Балалар орталығы Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ КЕАҚ 15 кафедрасының оқу базасы болып табылады. Бұл жерде болашақта дәрігер болатын өзіміздің де, алыс және жақын шетелден келген студенттер де білім алып, тәжірибеден өтеді. Алайда, емдеу мекемесі орналасқан ғимараттың жағдайы өте нашар.
«Еліміздің түкпір-түкпірінен келген балаларға көрсетілетін медициналық көмектің ауқымды көлеміне қарамастан, емдеу мекемесі орналасқан ғимараттың жағдайы өте нашар. Әбден тозығы жеткен ғимаратқа заманауи талаптар бойынша шұғыл түрде күрделі жөндеу жүргізу мен сейсмикалық күшейту қажеттігі туындап отыр. Аурухана салынғаннан бері 70 жыл өтті, осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмысы жасалған жоқ. Сонымен қатар, ауруханада мүгедектерге тиісті жағдай жасалмаған. Клиникада барлық жағдай мен мамандар болса да ғимараттың Санитарлық ережелер мен нормалардың заманауи инженерлік-техникалық талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты оңалту шараларына негізгі лицензия ала алмай келеді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 2025 жылы «Ақсай» балалар орталығында күрделі жөндеуді, сейсмикалық күшейтуді және кейіннен материалдық-техникалық базаны жаңартуды қаржыландыру мәселесін шешуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруды сұраймын. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайын, оған көп ақша жұмсалды және мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар», - деді Нурия Ниязова.