Сурет: ашық дереккөз
Кентау қаласы тұрғындары Арал экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған қауіпті аймақ ретінде дабыл қағуда. Олар 2016 жылдан бастап Кентау мен оның айналасындағы елді мекендерді төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймағы деп жариялау мүмкіндігін белсенді түрде талқылап келеді. Сенатор Мұрат Қадырбек еліміздің Премьер-министріне жолдаған сауалында осы мәселе туралы айтты.
Депутаттың ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес құрылған, Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді экологиялық апат аймағы деп жариялау мүмкіндігін қарастыратын арнайы комиссия жұмыс істеп отыр.
«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркістан облысының Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу бойынша заңнамалық тиісті өзгерістер енгізу үшін нақты шаралар қабылдауы қажет. Сонымен қатар, аталған аумақта жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге экологиялық аймақта тұрғаны үшін әлеуметтік аударымдармен қоса республикалық бюджеттен 20% үстемақы қаржы қарастыру қажеттігін шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», - деді сенатор.