Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Байқоңыр қаласының талап-өтініштері бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Байқоңыр қаласында қазір 77 мыңнан аса халық тұратын болса, оның 70%-ы қазақстандықтар болып саналады. Байқоңыр халқының ең басты мәселесі – қазақстандық стандартпен білім беретін балабақшалар мен мектептердің тапшылығы болып отыр. 2015 жылы ҚР мен РФ үкіметаралық комиссиясының шешімімен Ресейге қарасты 5 мектеп пен 1 балабақша Қазақстанның қарамағына алынып, балаларға қазақстандық стандартпен қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік жасалды. Осы жлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша қосымша 2 балабақша ашылып, қызмет көрсетуде. Қазақ тілінде тәлім беретін балабақшалардың бүгінгі жағдайы алаңдатып отыр. Бұл балабақшаларда ана тілінде білім беру және толыққанды мектепалды даярлықты өткізуде кемшіліктер бар», - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Депутаттың айтуынша, ата-аналары өз балаларының қазақ мектептерінде білім алуы үшін толыққанды мектепалды даярлықтан өтулері қанағаттандырмай келеді. Сенатор өз сауалында бірнеше деректерді алға тартты. Мысалы, қазақ тілінде білім беретін Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте бүгінгі күні 5 236, ал ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады. Оның 1 508-і, яғни 37%-ы Қазақстан азаматтарының балалары. Байқоңырда қазір Ресей Федерациясына қарасты 7 мектеп бар. Депутат олардың сыйымдылығы толық қамтылмаған дейді. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, қала тұрғындарымен кездесу барысында орыс тілінде оқытатын қазақстандық мектепке сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, осы 7 мектептің бірін мемлекет меншігіне өткізуді сұрап отыр екен.⠀
«Бұл жағдай, ресейлік мектепте оқитын балалардың мектеп бітіргеннен соң ҰБТ-ға қатысуына және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуіне көп кедергі келтіруде. Себебі емтиханның міндетті пәндері – Қазақстан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті ол мектептерде оқытылмайды», - деді сенатор.
Одан бөлек, Байқоңырдың орталық аудандарында Ресей Федерациясының меншігіндегі, сыйымдылығы толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақша бар. Депутат халықтың бірнеше балабақшаны мемлекеттік юрисдикцияға өткізу талабы орынды деп санайды.
«Олар Қазақстан аумағында туып-өскенімен, өз жерінде тұрып, менің Отаным – Россия, менің астанам – Москва деп, Россияның арғы-бергі тарихын, тілі мен әдебиетін оқып, әрине ресейлік патриотизм рухында тәрбиеленеді. Айта өтуіміз керек, біз жерімізді жалға бергенімізбен, сол жерде тұрып жатқан халқымызды жалға берген жоқпыз ғой», - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатор Үкімет басшысынан Байқоңыр қаласы тұрғындарының білім беру саласына қатысты осы түйткілді мәселесін басты назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.