Семейлік тракторшы өз қаражатына Әлихан Бөкейханға ескерткіш қойды. Ер адам қымбатқа түскен монумент демонтаждала ма деп алаңдап отыр, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
Тракторшы "Алаш" қозғалысының көшбасшысына ескерткіш қою идеясын төрт жыл бойы ойластырып жүрген. Алайда бірден кірісіп кетуге қаржы мәселесі тоқтау салған. 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығында Берікхан Жұмаділов шешім қабылдап, қаражат жинай бастайды. Ол 500 мың теңге жинайды. Осы қаражатпен ол жергілікті мүсіншілерге барған.
"Олар менің таныстарым. Өз ісінің шебері. Олар саяси қайраткерлердің қоқыстан тауып алған ескі бюсттерін реставрациялауға көмектескен еді. Тарихымыз ғой деп, жинап жүрмін. Өткен жылы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік. Бұл сол тәуелсіздікке бірінші болып күрескен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығымен тұспа-тұс келді ғой", - дейді Берікхан Жұмаділов.
Ескерткішті жасауға бірнеше ай қажет болған. Жиналған барлық қаражат материалға ғана жұмсалыпты.
"Біз композит материалды қолдандық, оның құрамында цемент белгілі бір пропорцияда бар, бұл құрам өте жақсы қолданылып келеді. Тастан да жасауға болар еді, бірақ қымбатқа түсер еді. Бұл материалмен де ескерткіш көп жыл тұрады, қандай ауа райы болса да мызғымайды. Образды портретіне қарап салдық. Монументті тарихи тұлғаның бойымен түгелдей алдық. Әлихан Бөкейханның парақ ұстап тұрған бейнесін салдық, партияластарына "Алаштың" Жарлығын оқып тұрған сәті шығар. Ескерткіш кварцпен қапталған, үстінен қола жалатылған", - дейді мүсінші Болат Кәрібаев.
Ескерткіш Ертіс өзенінің жағасында орналасты. Осы маңда оның авторы - тракторшы Берікхан Жұмаділов тұрады. Ер адам жергілікті тұрғындарды шақырып, салтанатты түрде ашқысы келген, алайда енді бұл еңбегі күйіп кете ме деп алаңдап отыр.
"Ескерткішті демонтаждау керек шығар. Сөйтсек, әкімдік қарсы екен. Адамдар қайта-қайта келді. Мұны заңсыз деп, идеямнан бас тартуымды сұрады. Бастапқыда заңды түрде жерді тіркеп, рұқсат алуым керек еді. Осындай ескертулер жасала бастағанда ескерткішті қоюға асықпадық. Біреу-міреу сатып ала ма деп те ойладық. Бірақ ескерткіш жасалып қойды ғой. Шеберханада тұрғанына үш ай болды. Сосын шеберлер оны маған беріп, мен өз кезегімде оны орнатып қойдым. Енді алып тастау керек деп жатыр. Өкінішті. Бұл ақ ниетімізден жасалған дүние ғой. Қаншама еңбек пен қаражат", - дейді тракторшы.
Сөйтсек, қалалық әкімдік Әлихан Бөкейханға ескерткіш қойғалы жатыр екен. Қаражат та қарастырылған, конкурс та өтіп қойған.