Семейде қатты желдің салдарынан көпірдің 15 метр болатын қоршауы опырылды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл бағытта жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жабылғанын мәлімдеді.
«Бұл жер ескерту таспаларымен қоршалып, жаяу жүргіншілер үшін оң жақ жағалау бағытындағы жол жабылды. Жүргізушілер үшін көлік қозғалысы (төрт жолақ) ашық. Қоршауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасилов.
Қала әкімдігінің мәліметінше, құлаған қоршаулар оптикалық байланыс желілерін зақымдап, сол жақ жағалау тұрғындарын интернетсіз қалдырды.
«Семей қаласы әкімдігі апат салдарынан «Қазақтелеком» АҚ-ның оптикалық байланыс желілері зақымдалғандықтан интернетке қосылу әзірге мүмкін емес. Жақын арада интернет жұмысы қалпына келтіріледі», - делінген хабарламада.