03 нау, 2025 сағат 16:33

Семейде бұзақылардың құрбаны болған баланы ҚР ІІМ "Динамо" қамқорлығына алды

Семейде бұзақылардың әрекетінен зардап шеккен 11 жастағы балаға ҚР Ішкі істер министрлігінің "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы қолдау көрсетті, деп хабарлайды Ult.kz.

Семейде болған бұзақылық қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Қоғамның жаппай қолдауының арқасында мектеп оқушысы мен оның отбасы жалғыз емес екенін сезінді. Полиция бұл іс бойынша тергеуді жеке бақылауына алды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы жасөспірімді өз қамқорлығына алып, спорт арқылы жігерлендірмек. Динамолықтар балаға тәлімгерлік көрсетіп, сенімділігін нығайтуға, өзін қорғай білуге үйретуді мақсат тұтып отыр.

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бекторе Сұлтан Семейдегі "Динамо" спорт кешенінде жасөспірімді қарсы алып, оған жас спортшылармен бірге залды аралатып, жаттығу процесімен таныстырды.

"Біз балақай өзін ешқашан жалғыз сезінбеуі үшін бар күшімізді саламыз. Спорт – тек денені шынықтыру ғана емес, ол мінезді қалыптастырып, қиындықтарды жеңуге үйретеді. Ең бастысы – спорттық орта нағыз отбасы сияқты, сенімді тірек бола алады", - деп атап өтті департамент басшысы.