15 қыр, 2017 сағат 08:18

Семейде Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылады

2017 жыл Семей қаласы үшін ерекше тарихи оқиғалармен байланысты болып отыр. Бұл жөнінде қала әкімі Ермак Сәлімовтың қатысуымен өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ақпаратынша, былтыр ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Алаштың 100 жылдығын қалай тойлау керектігі жөнінде республикалық жоба қабылдаған екен. Семейде осы жоба арқылы барлық жоспарланған шаралар жүзеге асатын болды. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейхановқа арналған ескерткіштің ресми ашылуы, екінші мәселе, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте ғылыми-тәжірбиелік конференцияның өткізілуі, үшіншісі, Алаш қайраткерлеріне арналған жаңа экспозияциялық көрме залының Абай музейінің бөлімінде салтанатты түрде тұсауы кесілмек.

— Әлихан Бөкейхановқа арналған ескерткіштің авторы Бахытбек Мұхамеджанов,-деді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Назерке Аққожина,-жергілікті бюджеттен 31 млн 987 мың теңге бөлінді. Мамыр айында өткізген жиналысымызда балалар саябағы мен Жеңіс сквері арасындағы орын таңдалынып алынған еді. 22 қыркүйек күні Әлихан ескерткішін ашамыз деп отырмыз. Қазір орны дайындалып жатыр.

Сондай-ақ, Абай музейі, Абай кітапханасы да қонақтарды күтіп алуға қамдалып отыр. Қыркүйектің соңына қарай, Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы, Әсет Найманбаевтың 150 жылдығы және Семей қаласының үш ғасырлық мерейтойы да аталып өтілмек. Осыған орай қала көріктендіріліп, кітап және фотосуреттер көрмесі, концерт алаңдары ұйымдастырылатын болды.