Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде ұстаз, ақын Ахат Шәкәрімұлының шығармалар жинағының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Музейдің ғылыми концепциясының жеті бағытының бірі концептуалды бағыт деп аталады. Осы концептуалды бағыт аясында Абай музейіне тікелей қатысы бар тұлғалардың мұрасын қорда бар деректермен толықтырып шығару және монографиялар мен ғылыми зерттеулер жазу жоспарланған болатын. Міне, осы бағыт бойынша Ахат Шәкәрімұлы шығармаларының бір томдық жинағы жарық көрді.
«Бұл жинақ негізінен Ахат Шәкәрімұлының зайыбы Бәтима Жакенованың Абай музейіне өткізген материалдары негізінде дайындалды. Жинақта ақынның өлеңдері мен поэмалары және естеліктері берілген. Ахат Шәкәрімұлы поэзиясының жанрлық тұрғыда да тынысы кең. Оны ақын өлеңдерінің тақырыптық-мазмұндық молдығы, поэмаларының эпикалық ауқымы көрсетеді. Сонымен қатар Ахат ақсақалдың естеліктері хакім Абай, данышпан Шәкәрім және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына шынайы сәуле түсіретін терең тарихи мазмұнымен де өзгешеленеді», - деді музей директоры Тұрдықұл Шаңбай.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина, тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев, Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қарт қатысты.
Айта кетейік, 448 беттен тұратын кітап «Жәрдем» баспасында жарық көрген.