12 ақп, 2020 сағат 12:13

Семейде Абайдың 175 жылдығына орай тарихи жәдігерлер көрмесі ашылды

Абайдың әдеби- мемориалдық музейінде ақынның 175 жылдық мерейтойына орай «Алтын Алтай» атты тарихи жәдігерлер көрмесі ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Семей қаласының ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Көрме мақсаты - қазақ жерінен табылған таңғажайып қазба жәдігерлерімен көпшілікті таныстыру.

Көрме экспозициялары - «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығындағы экспонаттар. Олардың арасында біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының тұрмыстық заттары мен басқа да қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи заттар бар. Бұғы мүйізінен жасалған ат әбзелдері мен қалқан, мүйізден жасалған әшекейлер, Сақ қорғанынан табылған өзге де бұйымдар келушілердің назарын аударатыны сөзсіз. Сондай-ақ ертеде табылған адам қаңқасына негізделген антропологиялық жаңғыртудан өткен ер және әйел адамның сырт бейнелері де қойылатын болады.

«Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы құрметіне орай ұйымдастырылған көрмемізде келушілерді ата-бабамыздың өмір сүру салты және тарихымен таныстыруды мақсат еттік. Мұнда қойылған әр экспонат музей қорындағы түпнұсқа»,- дейді «Берел» музей-қорығының директоры Алмас Сарбасов.

Берел қорымы- Қазақстандағы сақ дәуірінің тарихи ескерткіші. Қорған біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларда тұрғызылған. Қорым Шығыс Қазақстан облысы Бұқтарма өзенінің оң жағындағы Берел ауылынан жеті шақырым қашықтықтағы оңтүстік батыстағы таулы жазықта орналасқан. Бүгінгі күні қорымда жүзге тарта қорған бар. Семейліктер назарына бір ай бойы ұсынылатын көрмеге жиыны жүзге тарта жәдігерлер қойылған.