Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай, "Бейбітшілік пен қауіпсіздік қағидасын мұрат тұтқан Ұлы дала елі" атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға спикерлік жасаған Музей директоры Дарxан Мыңбай полигонның зардаптарына толығырақ тоқталып өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Кей деректерге сүйенсек, 18 миллиондай гектар жерді сынақ алаңына айналдыруға шешім қабылданған. Семей полигоны – Совет Одағының өте үлкен стратегиялық обьектісі болған. Бұл жоба аясында қаншама ғалым жұмыс істеген. Даму жоспарын жасаған. 40 жыл ішінде 450-ден астам ядролық жарылыс жасалған. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Қазақ даласының 300 мың шақырым жері ядролық жарылыстан уланып, 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Мұның бәрі жалаң фактілер емес. Дәлелденген, әдемі мойындаған деректер. 25 жыл уақыт өтсе де, жарылыстардың жаңғырығы, 100 мыңдаған адамның тағдыры әлі есімізде. Сырқаттарға шалдығып, толық айыға алмай жүрген азаматтар арамызда әлі де бар. Мемлекет тарапынан қаншама жағдай жасалғанымен, жазылмайтын жара деп айтуға болады. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаев сынақ алаңын жабу туралы №409 Жарлыққа қол қойды. Сол xалықтың басына түскен қасіреттен бас тартқанымызға биыл 25 жыл толды. Ширек ғасырдың ішінде сынақтармен күресу біздің сыртқы саясатымыздың негізгі бір бағытын айқындады», - дейді Дарxан Мыңбай.
Ол әлемнің көптеген елдерінің ядролық қарудан бас тартуының басында Қазақстанның тұрғанына да тоқталып өтті.
«Семей сынақ алаңын жабу арқылы Қазақстан ядросыз қару әлемін құрудың бастамашысы болды. Осы тариxи шешімнен кейін Невада, Хиросима, Новая Земля секілді ірі полигондарда мораторий жарияланды. Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап, Қазақстан адамзат тариxындағы ең зұлмат ядролық қарумен күрестің лидері болды. Әлемнің көп елдерінің тануына да осы жағдай себеп болды деп айта аламын», -дейді музей директоры.