19 мау, 2024 сағат 14:01

«Семей орманы» қызметкерлеріне үстемақы төленуі қажет - депутат


Фото: Егемен Қазақстан

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» қызметкерлеріне үстемақы төлеу мәселесін көтерді, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Депутат осы мәселе бойынша өзіне хаттар келіп түсетінін айтып, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке сауал жолдады. Онда Сабилянов мынандай үші мәселе көтерген:

Біріншіден. Техникалық персоналға үстемақы төлеу мәселесі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман шаруашылығы қызметкерлеріне денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупінің төнуіне байланысты жұмыс үшін 100%-ға дейін қосымша үстемақы беру қарастырылған. 
Алайда, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің техникалық персоналдарына - жүргізушілер, радиобайланыс операторлары, тракторшылар, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды жинаушылар және тағы басқаларына (№ 131 ерекшелік қызметкерлеріне) үнемдеудің жоқтығына байланысты үстемақы толық төленбей отыр. Бұл мәселе шешімін табу керек.
Екіншіден. Ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін 25% қосымша ақы қосу мәселесі.
Ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға 25%-дан кем емес үстемақы төленуі тиіс.
Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 7 ақпандағы № 32 қауылысына сәйкес басқарушы персонал және негізгі персоналға кіретін лауазымдар тізбесі бекітілген. Оған табиғат қорғау мекемелерінің мамандары мен қызметкерлеріне, ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдар санаты енгізілмеген. 
Осы санатты аталған қаулыға енгізу қажет.
Yшіншіден. Қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақыларын төлеу мәселесі.
Еңбек Кодексіне сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. «Семей орманы»  мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің техникалық персонал санатына кіретін 1500-ге жуық қызметкер осы жәрдемақыны ала алмай отыр.


Осыған байланысты депутат «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің техникалық персоналына (№131 ерекшелік қызметкерлеріне) үстемақы төлеуді; ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін 25% қосымша ақы қосуды; техникалық персоналға сауықтыру жәрдемақыларын төлеуді және олардың медициналық оңалту ұйымдарында емделуін қамтамасыз етуді; орман шаруашылығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселелерін қарастыруды сұрайтынын айтты.