ҚР Орталық сайлау комиссиясы 11 қарашада өтетін кандидаттардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысында қандай мәселелерді талқылауға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ОСК мүшесі Анастасия Щегорцованың атап өтуінше, комиссия тарапынан 2022 жылғы 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауында сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстар мен пікірталастарды өткізу регламенті келісілген.
«Сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастарды өткізу барысында конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық, тектік алауыздықты, зорлық-зомбылық қатыгездігіне табынуды қоздыруды, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құралымдарды құруды насихаттауға және үгіттеуге жол берілмейді. Бұл осы пікірталастарда талқылауға қойылатын жалғыз шектеу ғана. Қалғанының бәрі, яғни заң аясында кез келген сұрақтар қойылуы мүмкін», - деді Анастасия Щегорцова.