Фото: Gov.kz.
Сауран ауданында 2024 жылдың 9 айында 42,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 21 жоба іске қосылған. Оның 12-і өңдеу өнеркәсібі бағытында болса, 9 жоба әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 млрд теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 млрд теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылдың 9 айында ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы - ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы - өнеркәсіп, 10,3%-ы - құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде» – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, Мақсат Асылбекұлы аудан көлемінде өндірістік алаңдар құрылатынын жеткізді. 2024-2026 жылдары ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар.
Сонымен қатар, ауданда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 қабатты 24 пәтерлі жалпы саны 16 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 48 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Коммуналдық сала бойынша, жыл басынан бері ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43,3%-ды құраған. Биыл Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 31 ішкі көшеге, яғни 39,4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталғанда елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы70%-ға жетпек.