03 мау, 2020 сағат 11:34

Сәуір айында төлем карточкаларымен жүргізілген операциялар саны қысқарды

Қазақстандықтар карантин кезінде төлем карталарын көп қолданған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық банкке сілтеме жасап.

2020 жылдың қаңтар-сәуір айы аралығында төлем карточкаларын пайдаланушылар 12,3 трлн теңге сомасына 714,6 млн операция жүргізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сомасы бойынша 53%-ға, ал саны жағынан 72%-ға артық.

«Қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялардың жалпы көрсеткіштегі бөлігі 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі 39%-дан 62%-ға дейін ұлғайған. Алайда, ағымдағы жылдың сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда төлем карточкалары арқылы жүргізілген операциялар көлемінің 21%-ға азаюы байқалды. Қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялар 18%-ға, ал қолма-қол ақша шешу операцияларының көлемі 25%-ға қысқарған. Бұл елдегі карантин шарасына байланысты болып отыр», – деп хабарлады Ұлттық банк.

2020 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығындағы қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі мен саны - 7,6 млрд. теңге сомасына 615,3 млн. транзакцияны құрады.

«Өткен жылдың осындай уақыты аралығында бұдан екі есе аз операция жүргізілген болатын. Негізінен қолма-қол ақшасыз операциялар онлайн каналдар бойынша жасалған: банктердің онлайн жүйелері арқылы күніне орташа есеппен 48,7 млрд теңге сомасына 2,6 млн операция жүргізілген. Төлем карточкаларын ұстаушылар күніне орташа есеппен 5,1 млн қолма-қол ақшасыз және 827 мың қолма-қол ақша шешу операцияларын өткізген. Бір қолма-қол ақшасыз операцияның орташа сомасы 12 298 теңгені құраса, қолма-қол ақша шешу операцияларының орташа сомасы 47 598 теңгені құраған»,– деп атап өтті банктегілер.