Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы кездері тұтынушылар тарапынан өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы шағымдар мен өтініштер жиі түсуде. Алдау, алаяқтық, дөрекі қарым-қатынас, бұрмалаушылық – осындай жағдайлар қоғамның күнделікті өмірінде кеңінен таралып келеді. Жалпы тұтынушылардың құқығын қорғаудағы негізгі проблемалар ретінде келесіні атап өтуге болады: тұтынушыларды қорғау саласында тұтас және тиімді жүйенің болмауы, жосықсыз кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін толық сезінбеуі, тұтынушылардың өз құқықтарын қорғаудағы қарапайым әрі нақты алгоритмінің жоқтығы сияқты проблемар бар», - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы тұтынушыларды қорғаудың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) мемлекеттерінің аралас моделіне негізделеді. Бұл моделдің принципі бойынша мемлекеттік реттеу «ақылды» басқарумен шектеледі, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді сотқа дейінгі реттеу органдары атқарады. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың, өзін-өзі реттеу және қоғамдық бақылау институттарының рөлі күшейеді.
Заң жобасындағы негізгі ережелерге тоқталған министр, үш сатылы шағым қарау жүйесін енгізу ескеріліп отырғанын жеткізді.
«I саты - сатушының шағымды өз еркімен шешуін немесе дауды сотқа дейін реттеуді қарастырады. Аталған институтты құрудың негізгі мақсаты - бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, моральдық және материалдық залалды қысқа уақытта аз шығынмен өтеу, «қазір және осында» қағидасы бойынша іске асыру. Бұл ретте, тұтынушының қалауымен дау сотқа дейін реттеу аясында шешілетін болады. Бизнесті тазартудың тиімді құралы ретінде, өзін-өзі реттеу органдарын дауды сотқа дейін реттеуге тартуға ерекше назар аударылып отыр», - деді ведомство басшысы.
II саты – шағымды уәкілетті орган аясында қарастыру.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік зерттеудің нәтижесінде, халықтың 64 пайызы адал емес кәсіпкерлердің жауапқа тартылмауы салдарынан өз құқықтарын қорғамайтыны анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға әкімшілік шараларды қолданатын мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр. Бұл шаралар тұтынушының талаптарын елемеген жағдайда ғана қолданылады. Алайда, санкцияларды қолданғанға дейін уәкілетті орган сатушыға тәртіп бұзушылықтарды ерікті түрде жоюды ұсынады.
«III саты – сотқа шағым беруді көздейді, бұл ерекше даулы жағдайларда ғана қолданылады. Тұтынушының өз құқықтарын алғашқы екі сатыда реттеуі және уақтылы талап етуі - сот органдарына түсетін дау-дамайларды азайтуға алып келеді. Біз тұтынушылардың құқықтары тез уақытта, аз шығынмен қорғалатын және аса наразылыққа жеткізбейтін жүйені құруды көздеп отырмыз», - Бақыт Сұлтанов.