15 шіл, 2025 сағат 16:03

Сауда көлемі өсіп, тауар айналымы 31 триллион теңгеден асты

Фото: Pexels.com

Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында сауда көлемі 8,4%-ға өсіп, жалпы тауар айналымы 31,4 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Көтерме сауда 9,2%-ға өсіп, 21,2 трлн теңгеге жетсе, бөлшек сауда көлемі 6,6%-ға артып, 10,2 трлн теңгеге жетті. Сауда өсімі негізінен мұнай, газ, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер мен ұялы телефондар сияқты тоғыз негізгі тауар тобы есебінен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін бұл тауарлар бойынша өткізу көлемі 26,4 трлн теңгеге жетуі мүмкін.

Министрдің айтуынша, сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер – Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Ал Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстары сауда өсімі бойынша көш бастап тұр.

Министрлік сауда саласын үш бағыт бойынша дамытуда: сауданың заманауи форматтары, электрондық сауданы кеңейту және көлеңкелі экономиканы азайту. Биыл бұл салаға 5,2 млрд теңге бөлініп, 168,4 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда. Электронды сауда нарығы 1,5 трлн теңгеге жетіп, негізгі үлесті Kaspi.kz, Halyk market, Forte, Jusan, Ozon және Wildberries платформалары иеленіп отыр.

Екінші жартыжылдықта елімізде бірнеше dark store және фулфилмент-орталықтар іске қосылмақ. Сонымен қатар Қытаймен B2B форматындағы электрондық платформа ашу жоспарланып отыр.

Көлеңкелі сауданы азайту мақсатында министрлік тауарларды таңбалау, каталогтау және цифрландыру жобаларын жүзеге асыруда. «Digital Bazar» секілді бастамалар арқылы ақша айналымының ашықтығы артпақ.