Коллаж: Ulysmedia.kz
Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстандағы Ресей елшісі Алексей Бородавкиннің даулы мәлімдемесі жөнінде пікірін әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бір жерде бір нәрсе кемісе, екінші жерде ол артады. Ресейдің дипломат ретінде жұмыс істеген арнайы қызметтегілерінің батыс елдерінен шығарылуы айналып келгенде олардың Қазақстанда көбеюіне, оның ішінде Бородавкиннің (Қазақстандағы Ресей елшісі – авт.) қол астына келуіне әкеп соғады. Бұл ақыры елдің ұлттық қауіпсіздігіне айқын қатер төндіреді, себебі олар жергілікті «бесінші колоннамен» тығыз жұмыс істеп, агенттерін тартады, жалған ақпараттарды көбейтеді», - деп жазды саясаттанушы Фейсбуктегі парақшасында.
Саясаттанушы осы толқынның басталатынын Украинада соғыс басталған кезде ескерткенін еске салады. Оның жаңа толқыны Украинаны қолдайтын азаматтық белсенділерді шеттетуден басталған, кейін қайдағы бір ұлттық радикализмның артқаны байқалады дегендей жалған ақпараттық өсектерге ұласқан.
«Қазақстандағы Ресей елшісі ұлыдержавалық шовинизммен Қазақстандағы ресейлік арнайы қызметтегілердің әрекет ету алгоритмін ішінара растап, ашып берді. Оған бұл тапсырманы Кремль беріп отыр. Олар Қазақстанды Ресейдің геосаяси ықпалы орбитасында ұстап қалуға бар күшін салады және оған қарсы кез келген адаммен күрес жүргізеді. Қазақстандағы билік өкілдерінің ресейлік елшінің провокациялық мәлімдемесіне реакциясы да қызық. Үрей – ол бір мәселе. Егер билікте бұл мәлімдемеден үрейлі ештеңе көрмей отырғандардан бөлек, іштей қолдайтындар болса – ең қорқыныштысы да сол. Не үшін екен?» - деп сұрақ қояды Қазақстан билігіне саясаттанушы.
Еске сала кетсек, Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин ресейлік басылымдардың біріне сұхбат беріп, Қазақстан қоғамының ашуын туғызатын сөздерді айтқан еді.
«Өкінішке қарай, мен ұлтшылдық тенденцияларға қатысты алаңдаушылық білдіремін, тіпті радикалды үрдістер деп баса айта аламын. Қазақстанда ұлтшылдық тенденциялар барған сайын айқын көрінеді. Интернетте радикалды ұлтшылдар мүлдем ақылға қонбайтын радикалды талаптар, ұрандар көтерген бейнежазбалар көбейді. Олардың дені - русофобиялық ұрандар», — деді Бородавкин.
Осыдан кейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ресейдің Қазақстандағы елшісінің еліміздегі русофобия туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Бородавкиннің мәлімдемесі - тәжірибелі елшіге лайық сөз емес.
«Оның сұхбатының кейбір тұсы расымен оның лауазымына сәйкес келмейді және оған жақсы атақ әпермейді. Бородавкин мырза - өте тәжірибелі дипломат, біз оны бұрыннан білеміз. Бірақ ол пропагандистер мен саясаттанушыларға ұқсап мәлімдеме жасамауы керек», - деді Ерлан Қошанов.
Ал қазақстандықтар Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді елден шығарып жіберуді талап еткен петицияға қол қойып жатыр.