Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астанада өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпірге қатысты. Салтанатты шара барысында онлайн режимде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлық жобалар іске қосылды.
Ел игілігі жолында жаңадан қолға алынып жатқан жобалар қатарында "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы да бар. Елбасы наурыз айындағы халыққа үндеуі кезінде «Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады» - деген болатын. Бұл үндеу жаңа газ құбырының тартылуына жол ашты.
Елорда төріндегі телекөпір кезінде Мемлекет басшысы 5 әлеуметтік бастаманың» бірі ретінде Астананы газдандыру жобасындағы Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-ші кезеңін іске қосуға пәрмен берді.
- Бұл біздің ең ірі жобамыздың бірі. Мұнай мен газ шығаратын мемлекет ретінде Қазақстанның орталығын газдандыру мәселесіне енді ғана назар аудардық. Енді бұл ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Біз келесі жылы осы маңызды газ құбырының құрылысы аяқталып қалды деп айтатын боламыз. Бұл газ құбыры біздің елордамызға дейін жетіп, әр үйге барады. Осылайша, өнеркәсібіміз өркендей түседі. Сіздерге сәттілік тілеймін», - деді Елбасы.
Бүгінде жобаның сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамалық оң қорытынды алынған. 2019 жылы құрылысы басталатын газ құбырының бүгінде қаржыландыру кестесі мен шарттары әзірленіп Үкіметтің тиісті шешімдерімен бекітілген.
- Наурыз айында Сіз жариялаған 5 әлеуметтік бастаманың бірі елдің орталық және солтүстік аймақтарын газдандыруға арналған болатын. Қолға алынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағдары бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 1 061 шақырымға тартылады және бір жылдағы газ өткізу мүмкіндігі 2,2 млрд текше метрге жетеді. Аталған жобаны іске асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады, - деді «Астана Газ» ҚМГ бас директоры Сағидолла Мақашев.
«Сарыарқа» газ магистралін салудың маңызы жоғары. Қараөзек газ компрессорлық станциясынан 44 шақырым жерде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бойынан бұрып салынатын жоба аясында мың шақырымнан астам магистральды желі тартылады. Құрылыс аяқталғанда ел орталығы мен солтүстік өңірлеріндегі 171 елді мекенге көгілдір отын жетеді. Оның ішінде Астана қаласы маңы мен Қарағанды облысының 119 елді мекені және Ақмола облысының 51 елді мекені табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда халықты газдандыру деңгейі 47,38% құрайды. Бұл дегеніміз 8,5 миллион тұрғын газбен қамтылған. Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан газдандыруға 18,4 миллиард теңге, ал ұлттық оператор тарапынан 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындар саны тағы 129 мыңға артады деп күтілуде. Бүгінде еліміздегі 17 өңірдің 11-і табиғи газбен қамтылған.