12 қаң, 2024 сағат 17:16

Сарбаздардың 1,5 млрд теңге сомасындағы несиесі шегерілді

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен

4 мыңнан астам жастың 1,5 млрд теңге сомасындағы несиесі шегерілді, - деп хабарлайды 24KZ арнасы.

Бұл – Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жауынгерлерге жасалған жеңілдік.

Айта кету керек, былтыр көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы бойынша 37 мыңнан астам азамат мерзімді борышын өтеуге аттанған. Оның 16 мыңы еліміздің Қарулы Күштеріне жіберілсе, қалған 21 мыңы Ұлттық ұлан, шекара қызметі, мемлекеттік күзет қызметі мен төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.

Әскерге барып келгендерге білім алу жеңілдіктерін беру мен сарбаздарды жұмысшы мамандықтарына оқыту жайы да қарастырылған. Мәселен, өткен жылы 615 адам ҰБТ тапсырмай, азаматтық және әскери университеттерге оқуға түскен.

"Оқу орталықтарында экономиканың нақты секторында сұранысқа ие 15 әскери-есептік мамандық бойынша 1195 әскери қызметші дайындалды. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мемлекет есебінен заттай мүлікпен, тамақпен және ай сайынғы ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі. Техникалық, кәсіптік, жоғары білімі бар әскери қызметшілер 6 ай қызмет өткергеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге құқылы. Өткен жылы бұл мүмкіндікті 852 сарбаз иеленді", - дейді Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин.