24 қаң, 2018 сағат 09:48

Сарбаздар жүкті әйелді өлімнен құтқарып қалды

Шымкентте ұлттық ұлан сарбаздары жүкті әйелдің өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аяқ астынан есінен танып қалған жүкті әйелге 6506 әскери бөлімінің сержанты Кенжетай Отарбай мен қатардағы жауынгер Тұрар Уахит дер кезінде көмек көрсетті.  

ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, әскери қызметшілер сол күні әдеттегідей патрульдік-кезекшілік міндетін атқарып жүрген. Олар кестеге сәйкес Мәделі қожа көшесімен келе жатып, жол жиегінде есінен танып жатқан әйелді байқап қалады. Сержант  Кенжетай Отарбай дереу екіқабат әйелдің жүрек тұсын уқалап, жасанды тыныс алуына көмектескен. Осы кезде жанындағы сарбаз  жедел жәрдем қызметін шақыртқан. 

Дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетудің арқасында келіншек есін жиып, облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, жүкті әйел тиісті емдерін қабылдауда. Оның денсаулығы мен ішіндегі шаранасына ешбір қауіп жоқ.