20 жел, 2019 сағат 14:14

Сарапшы: Басқа саяси партиялардың Парламентке енуі жолында кедергілер жойылып келеді

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Сіләмжар Ахметжаров Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы уақытқа дейін сарапшылар айтып өткендей, қоғам мен билік арасындағы көпір іспеттес. Кейінгі айларда өзіңіз көргендей, Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің әрбір мүшесімен жеке-жеке кездесіп, экономикалық, әлеуметтік, саяси аспекттерді түрлендіру жолдарын кеңінен талқылаған болатын. Сарапшылардың, Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары Мемлекет басшысының дәл бүгін көтерген бастамаларының негізі болып отыр», - деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне.

Сіләмжар Ахметжаров бүгінгі ұсыныстардың ішінде саяси тұрғыдағы ұсыныстарды ерекше назар аударғанын айтады.

«Президент көтерген бастамалардың қай-қайсысының да маңызы зор. Саяси партиялардың мүшелерін тіркеуді 40 мыңнан 20 мыңға азайту, жала жапқаны үшін қарастырылған баптың декриминализациясын, митингтердің ескертуші сипаттарын көріп отырмыз. Осынау өзгерістердің бәрі – біздің елдің саяси алаңының либерализациясын көрсетеді. Яғни, саяси алаңның бәсекесі арта түсті. Бұл дегеніңіз басқа саяси партиялардың Парламентке енуі жолында кедергілердің алынып тасталып жатқанын көрсетеді», - деді ол.