Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында тілшілер "еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінен спортты бөліп алатын уақыт жеткен жоқ па" деген сауал қойды, деп жазады "Ұлт ақпарат".
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің сөзінше, бұл өте жан-жақты ойластырылып барып шешім қабылдауды қажет ететін күрделі мәселе.
«Қиын сұрақ. Бұл жерде министрліктің құзыретімен қатар, қаржы мәселесі де реттеуді қажет етеді. Әрине, егер басшылық бөлу керек деп тапса. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдарда қызметкерлерді қысқарту жүріп жатыр, сондықтан бұл мәселе терең талдауды керек етеді», - деп жауап берді Сәпиев тілшінің сұрағына.
Сондай-ақ, комитет басшысы бұрын мәдениет пен спорттың бөлек болғанын да алға тартты.
«Бұрын спорт министрлігі және агенттігі болған. Дегенмен уақыт өте келе басшылық мәдениет пен спортты біріктіру қажет деп шешті. Бізге қазір екі сала бөлек болған кезде жағдай қандай болды, қазір қандай деген мәселені мұқият зерделеп алу керек», - дейді ол.