Ақтөбе облысында жұмыс берушілер қызмет орындарын ұсынғанымен, жұмыссыздар бас тартуда. Бүгін баспасөз мәслихатында аталған өңірдің әкімі Бердібек Сапарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бос жұмыс орындары мен жұмыссыздар санын салыстырсақ, ұсынылған қызметтер артықтау, яғни еңбек нарығында жұмыс орындары баршылық. Жалпы, жұмыссыз адамдарға жалақы көлемі немесе еңбек жағдайы ұнамайды. Бұл жайында өткізілген еңбек жәрмеңкелері нәтижесі бойынша анықтадық. Өңірдегі жұмыс берушілер қызмет орындарын ұсынғанымен, өкінішке қарай, жұмыссыздар бас тартады», - деді Б. Сапарбаев елордада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысында ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны 23 мыңды құрады. «Бірақ олардың саны жыл сайын азайып келеді», - деді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, экономика өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық өңірдегі жұмыспен қамтуды сақтап қалуға мүмкіндік берді. Жұмыссыздық 4,8 пайыз деңгейінде. Өткен айда 15,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 75 пайызы тұрақты жұмыс орындарына жатады. Жыл соңына дейін 1,3 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылдың тоғыз айында Ақтөбе облысының экономикалық өсімі бес пайызды құрады.