Фото: видео кадры
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров "Самұрық-Қазына" қорының басшылығы халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың ақпаратынша, "Самұрық-Қазына" қорының еншілес "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан екі есе көп бонус алған.
"Кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, ал басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған. Кәсіпорынның таза пайдасы 38,5 млн теңге ғана. "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының еншілес кәсіпорны "Каз Клоуд" компаниясының да басшылығына деген жомарттығында шек жоқ. Осы "Каз Клоуд" менеджменті компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, премия ретінде бір жылда 336 млн теңге алған", - деп мәлімдеді Сайыров Премьер-министр мен Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында.
Сондай-ақ "Қазақтелеком" басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді.
"Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшылары, еншілес кәсіпорындары өз басшыларына бонус, сыйақы жазып алуға ғана қызмет ете ме деген заңды сұрақ туады!", - деп ашынды мәжілісмен.
Депутаттың пікірінше, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры атына заты сәйкес келуі керек.
Осыған байланысты депутаттар:
• "Самұрық-Қазынаның" өз менеджментіне "асыра сілтеп" премия жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату;
• "Самұрық-Қазынадағы" еншілес кәсіпорындардың қажеттігін анықтау;
• "Самрұқ-Қазынаның" қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ету тетігін әзірлеу қажет деп есептейді.