«Самұрық-Қазына» АҚ 2019 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтерді төлейді. Бұған қатысты Үкіметтің «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер мен ұйымдардағы мемлекеттік қатысу үлестеріне кірістер туралы» қаулысы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы ҚР заңының 186-бабына және 2020 жылғы 23 наурыздағы ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының хаттамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттiк пакетiн (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар заңнамада белгіленген тәртіппен акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналыстарын өткізу кезінде акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) таза кірісінің бір бөлігін 2019 жыл қорытындысы бойынша жылдық қаржылық есептiлiкте көрсетілген таза кіріс сомасының
100 (жүз) процентіне дейінгі мөлшерде дивидендтерді (кіріс) төлеуге жіберу және оларды уақтылы аудару үшін шаралар қабылдасын.
2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы заңнамада белгіленген тәртіппен 2019 жылдың қорытындысы бойынша таза кірісті 100 (жүз) процентке дейінгі мөлшерде дивидендтер төлеуге жіберу үшін шаралар қабылдасын.
3. Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттiк пакетiн (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар заңнамада белгіленген тәртіппен 2020 жылдың қорытындылары бойынша және одан кейінгі жылдардың акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналыстарын өткізу кезінде акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) таза кірісінің бір бөлігін шоғырландырылған жылдық қаржылық есептiлiкте, ал еншiлес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептiлiкте көрсетілген таза кіріс сомасының кемінде 70 (жетпіс) проценті мөлшерінде дивидендтер (кіріс) төлеуге жіберу және оларды уақтылы аудару үшін шаралар қабылдасын.
4. Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) үшін таза кірістің осы қаулының 3-тармағына сәйкес айқындалған проценттік арақатынастан төмен мөлшерде дивидендтер (кіріс) төлеуге арналған бөлігін белгілеуді Республикалық бюджет комиссиясы міндетті түрде қарауы тиіс.
5. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.