Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Бұл туралы Ақордада Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
"Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, ІТ, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз. Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз", - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, GL Rapha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр.
"Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесін де қарастырдық. Біз Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Оны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия іскерлік кеңеспен бизнес қауымдастығы арасындағы жұмыс тобы құрылды. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор серпінін тигізеді деп сенеміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.