Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен самбо және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар жалпы командалық есепте екінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүбірлі додада жігіттерде Жаңаниет Рахат (64 келі) мен қыздар арасында Гүлдана Әлмұханбетова (54 келі) алтыннан алқа тақты.
Жауынгерлік самбода Мәди Райхан (98 келі) күміс жүлдеге ие болды. Ал қыздарда Ажар Салықова (65 келі), Ділдаш Құрышбаева (72 келі) екінші орынға табан тіреді.
Ел құрамасынан Болатбек Райымқұлов (58 келі), Айдын Дартаев (79 келі), Нүркен Домбаев (58 келі), Әділбек Сейісов (64 кг), Умар Янковский (88 келі) қола жүлде алды.
Дүбірлі дода 12-14 қараша аралығында өтті. Оған әлемнің 50 мемлекетінен балуандар келді. Турнир тарихында алғаш рет 7 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Алдағы әлем чемпионаты 2022 жылы Түрікменстан астанасы Ашғабат қаласында өткізіледі.