Талдықорғандағы Тіл сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда салық салуды жетілдіру мен ашықтығын қамтамасыз ету арқылы экономиканы дамытудың белсенділігін арттыру туралы мәселелер талқыланады.
Алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова алып, жиынның мақсаты мен маңызы жайлы айтып өтті.
Мұнан соң сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов депутаттарға қысқаша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, салық түсімдерінің жағдайы туралы баяндап берді.
- Соңғы үш жылдың ішінде жергілікті бюджет түсімі 51 процентке өсіп, 2016 жылы 139,8 млрд. теңгені құрады. Облыстың жалпы мемлекеттік бюджеттегі жергілікті бюджетке түсім үлесі 2013 жылы 37,2 проценттен 2016 жылы 52,8 процентке жетті немесе соңғы үш жылда 15,6 проценттік пунктке өсті, - деді А. Баталов. Сонымен қатар осы жиында талқыланып отырған салықтық әкімшіліктің тиімділігі мен сапалылығын арттыру ісі өз кезегінде халықтың көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, бизнесті таза жүргізуге ықпал ететінін де атап өтті. Мұнан соң облыстың дамуы туралы шағын бейнефильм көрсетілді.
Жиында салық салуды жетілдіру мен ашықтығын қамтамасыз ету арқылы экономиканы дамытудың белсенділігін арттыру мәселесі туралы баяндамамен ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Даленов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары А.Қыпшақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі С.Симонов пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов сөз алды.
Ж. Тұяқов жергілікті жерлердегі жағдайларды ескере отырып, салық салу ісін жетілдіру бағытында ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, қазіргі кезде талқыланып жатқан жаңа салық кодексінің жобасында 2017 жылдың 1 қаңтарынан шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін ай сайынғы әлеуметтік төлем енгізу қарастырылған. Бүгінгі күні бұл төлем жылына екі рет жасалып отыр. Ал жаңа талап енгізілетін болса төлем кезінде ұсталатын банк комиссиясының шығыны едәуір өсіп, бұл өз кезегінде шағын және орта бизнеске қосымша жүк болмақ. Осындай басқа да өз ұсыныстарын жеткізген Ж. Тұяқов жалпы салық кодексінің өзгерістері мен толықтыруларын қолдайтынын және бұл игі шаралар салық базасының көбеюіне өз ықпалын тигізетініне сенім білдірді.
Бұдан әрі кездесу негізгі тақырыпты ортақ талқылаумен жалғасты.
Бүгін депутаттардың облысқа сапары жалғасып, делегация Көксу қант зауытының, «Каримов» сүт-тауарлы фермасының жұмыстарымен танысты, облыс орталығындағы «Талдықорған» индустриалды аймағын аралап көрді. Сондай-ақ «Жастар» мәдени-демалыс саябағында, Оқушылар сарайында болды.