18 шіл, 2025 сағат 17:41

Салық жүйесі жеңілдейді: Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне және «Салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл қадам еліміздің салық жүйесін жеңілдетуге, әділ әрі түсінікті етуге бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.

🔹 Салықтық есеп беру жеңілдейді
Жаңа кодексте салық есептілігінің көлемі 30%-ға қысқарып, салықтардың саны 20%-ға азаяды. Бұдан бөлек, жеңілдіктер мен алымдар жүйесі де оңтайландырылады.

🔹 ҚҚС мөлшерлемесі өзгерді
Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16% болып белгіленді. Алайда бірқатар әлеуметтік маңызды қызметтер үшін төмендетілген мөлшерлемелер енгізіледі:

  • Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге – 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан – 10%.

  • Кітап шығару, археология, орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу және мемлекеттік медициналық қызметтер ҚҚС-тан толық босатылады.

  • Баспасөз өнімдерін өткізуге10% мөлшерлеме белгіленеді.

🔹 Кәсіпкерлер мен халық үшін оңтайлы өзгерістер

  • ҚҚС тіркеу шегі 40 миллион теңгеге (10 мың АЕК) дейін төмендетілді.

  • 10 жылдан артық пайдаланылған көліктерге салынатын салық азайтылды.

  • Мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік шегерім 882 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін артты.

  • Зейнетақы төлемдері (БЖЗҚ) жеке табыс салығынан босатылады.

🔹 Арнаулы салық режимдері оңтайланды
Енді арнаулы режимдер тек үш санат үшін қолданылады:

  1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;

  2. Оңайлатылған декларациямен жұмыс істейтіндер;

  3. Шаруа қожалықтары.

🔸 Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салықты мобильді қосымша арқылы төлей алады.