24 қар, 2025 сағат 10:30

Салық органдары мобильді аударым лимиті кімге қолданылмайтынын түсіндірді

Фото: Pexels.com

Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті депозиттен және жеке шоттар арасындағы аударымдар мобильді аударымдарды бақылау кезінде есепке алынбайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ult.kz Todayinfo.kz сайтына сілтеме жасап.

Демек, қазақстандықтар салықтық тексеріске ілігемін деп қорықпай-ақ, өз шоттары мен салымдары арасында ақшаны еркін аудара алады.

Жаңа ережелер қандай болады?

Еске салайық, қазір аударымдарды бақылаудың жаңа критерийлері пысықталып жатыр – түзетулер Сенатта қаралуда. Жоспар бойынша, мынадай жағдайларда жеке тұлғалар тексеріс аясына ілігеді:

  • Үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі адамнан аударым қабылдаса;
  • Бұл ретте түскен қаржының жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден (2025 жылғы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері) асуы тиіс.

Салық органдары тағы нені тексермейді?

Депозиттен жасалған аударымдардан бөлек, лимит есебінен мыналар алып тасталады:

  • Жалақы;
  • Әлеуметтік төлемдер;
  • Жақын туыстардан келген аударымдар.

Егер жаңа ережелер өзгеріссіз қабылданса, олар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.