15 қыр, 2016 сағат 07:46

Салттан безу саналының ісі ме?

Жақында ойламаған жерден бір әріптесіміздің баласына жасаған шілдеханасына барудың сәтті түсті. Иманжүзді ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жиылған ортада небір ғибратты әңгімелердің тиегі ағытылды. Аңыз-әпсаналар айтылып, тарихтан тамыр тартатын дүниелер бұрынғы сал-серілердің өнегелі өміріне қатысты естеліктермен өріліп жатты.

Арнайы шақырылғандар­дың арасында күнде есту мүмкін бола бермейтін салмақты да салиқалы әңгімелерге ұйып отырдық. Ас қайыруға аз қалған жиынның орта тұсында көнекөз қариялардың айтқандарын үнсіз ғана тыңдап отырған жастардың арасынан сақал-мұрты өсіңкіреген қараторы жігіттің дауысы естілді. Жас­­тығына қарамай, орта тұсқа қа­рай қонжиған оның айтуынша, «үлкендердің бағанадан бергі айтқан сөздерінің ешқайсысы ақылға сыймайтын мағына­сыз әңгімелер» екен. «Сіздердің сөз етіп отырғандарыңыздың тек бұ дүниелік қана мәні бар. Тарих туралы толғайсыздар, әдебиетті әспеттейсіздер, өнерді дәріптейсіздер. Олардың не қажеті бар? Музыканы тыңдау харам екенін білмейсіздер ме? Тарих пен әдебиет туралы кітаптардың қаншалықты құны бар? Біз оқитын кітап – Құран ғана болуы керек емес пе? Бес уақыт намазды осында отырған баршаңыз қаза қылмаймыз деп айта аласыздар ма? Меніңше, жоқ. Намаз оқы­майтын адамның кәпір саналатынын қалай білмейсіздер?..».

Қариялардың: «Бұл бала не айтып тұр?» деген сұраулы жүздерін елемеген жігіт сөзі мен сұрағын үсті-үстіне төпелей берді. Ақыр соңында көп арасынан: «Балам, сенің мұның қалай? Сен бізді дұрыс түсінбеген секілдісің?», – деп сөз бастай берген бір көнекөздің айтқанына құлақ асқысы, тіпті естігісі келмеген кейіп танытқан ол есік жаққа сырғи өтіп, үйден жылдам шығып кетті.

Жігітті көзбен ұзатып салған қонақтар «не болып кетті өзі?» дегендей бір-біріне аңтарыла қарады. Бұдан кейінгі әңгіменің шынымен, мәнісі кеткендей болды. Қариялар көңілді жайландыратын, емен-жарқын әңгімеге қайта оралғысы келмегендей көңіл күйде болса, ал жастар жағы жаңағы жігіт үшін өзімізді кінәлі сезіндік. Үй иелері де ыңғайсызданып, қариялардан кешірім сұрағаннан өзге амал таппады. Сәлден соң ас қайырылып, қонақтар үйді-үйлеріне тарасты.

Ежелден ислам дінінде үлкен­дерге қарсы сөз айтпау, оларға сыйластық таныту ұлттың негізгі қағидаларының бірі деген түсінік қалыптасқандықтан, бұл жағдай бізді біраз ойға шырмап тастады. Намаз оқымағандардың бәрін күнәһар санайтын мінез қай кез­де тамыр жайып үлгерген? Әулиелерге зиярат етуді мүлдем дұрыс емес деу ұғымы қашаннан бері пайда болған? Исламға дейінгі заманнан бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып келетін әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді ман­сұқтау түсінігі қашаннан бері қалыптасқан? Әдебиет пен тарих жайлы кітаптарды оқудың қажеті жоқ деген ақылға сыймайтын әңгіме қайдан шыққан? Осындай сан түрлі сауал сол кезде көпшілігімізді мазаламай қоймағаны анық. Бүгінде қоғамдағы кейбір жайттарға осылайша агрессиялық тұрғыда қарау өкінішке қарай, діни сауат­сыздық «дертіне» шалдыққан жастарға тән қасиетке айналды.

Мұндайда рухы әлсіз, адасқанға ергіш, әсіредіншілге сенгіш, Абай­ша айтқанда, «сүйенгені – көп пен дүрмек» болған, басқаша айтқанда, саналарын тобырлық психология меңдеген жандардың қатарын азайтуда және оларды қалыпты ортаға қайтаруда Ді­ни басқарма тарапынан іс-шаралар жүзеге асырылуда. Әрине, мүфтиятқа жүктелген міндет тек бір бағыт-бағдармен шектелмейтіні белгілі. Бірақ, олардың ең негізгісі халық арасына шығып, уағыз жұмыстарын жүргізу, тұрғындардың діни сауатын арттыру, ең бастысы, дініміз – ислам туралы қоғамға толыққанды ақпарат жеткізу екені анық. Мәселен, еліміздің дін саласындағы 30 білікті маманынан құралған 6 топ 2015 жылы барлық өңірде кездесу өткізіп, 126 мыңға тарта адамды қамтыған уағыз жұмыстарын жүргізсе, соның нәтижесінде өткен жылы 802 азаматтың дәстүрлі дінге қайта оралу фактісі тіркеліпті. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Республикалық және жергілікті ақпараттық-насихат тобы түзеу мекемелерінде, оқу орындарында, мемлекеттік және түрлі мекемелерде, ел тұрғындары мен мешіт жамағаты арасында 41517 кездесу өткізіп, оларға 1 млн 650 мыңға тарта адам қатысыпты. Десек те, елімізде соңғы уақытта орын алған оқиғалар мақсаты бұлыңғыр ағымдардың соңында жүрген әсіредіншілдердің азаймай отырғанын айғақтап берді.

Әрине, мұндай келеңсіздік­тердің тамырын жою немесе алдын алу тек мүфтияттың жұмысына ғана бай­ланысты болмайтыны белгілі. Бірақ жамағаттың көп шоғырланатын жері мешіт болғандықтан, діни ахуал төңі­регінде қандай да бір қиындық туындай қалса, жауапкершілікті мүфтиятқа артатынымыз, кез кел­ген күрделі сауалды соған бағыттайтынымыз мәлім. Таяқтың бір ұшының, алдымен сол тарапқа тиетіні де сондықтан. Ал Діни бас­қарманың, яғни мүфтияттың жүйесінде бүгінде 3600-ден астам дін қызметкерінің еңбек ететінін ескерсек, бәлкім, жамағатпен тіке­лей байланыс орнататын имамдардың білім-білігінің заман талабына сай болуын қатаң назарда ұстау қажет шығар. Теолог мамандарды дайындау үдерісін де тезірек жүзеге асыру керек болар. Тіпті, өзге елде діни сауатын ашып келген азаматтардың біліктілігіне зерттеу жүргізу де артықтық етпейтін шара екені анық. Бәлкім, сол кезде қоғамның бүлдіргі ағымдарға қарсылық иммунитеті күшейіп, Ханафи бағытындағы ислам ұлт­тық құндылықтарға қайшы келе­тін адасушылық іс-әрекеттерге әсер-ықпалын тигізер.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»