13 қыр, 2017 сағат 15:29

Салтанат Мадиярқызы: "Ақ мұңымды сары түске бояймын..."

Жас ақын Салтанат Мадиярқызының бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынамыз. Тағдырдың сынына ұшыраса да, қайыспай қолына қалам ұстап, өмірін өлеңге айналдырған ақын қыздың шығармашылығы сіздерді бей-жай қалдырмайды деген үміттеміз. Мархабат!

БІР ҮМІТ

Бір үміт бар таңымды жарық қылған,
Сол бір үміт сөнбейтін алып нұрдан.
Сәбидің сезіміндей сеніміме
Фәнидің өткіншісін сан ұқтырған.
Сәттерде кей сенімдер сел кешетін,
Бір үміт бар күдікпен белдесетін.
Сындар қатты болса да өте, мейлі
Сол бір үміт тек алға жетелейді.
Жалғанның жалғандығы жүдетсе де,
Бір үміт бар жүректі мекен еткен.
Тағдыр кейде мұңдарын үдетсе де,
Сол бір үміт сенімді еселеткен.
Жай отындай жарқ етіп қалатұғын,
Жоқ мен үшін одан үлкен биік белес.
Жаратқанның мейірімінен болатұғын,
Сол бір үміт сөнуге тиісті емес!

ЖОЛАУШЫМЫЗ
 (...ға)

Өтпелі ғұмыр - өткелсіз өзен. 
Жүзіп өтуге тиіспіз!
Кедергілердің алып қамалын бұзып өтуге тиіспіз.
Сенімнің көлін лайлап алмай, тұнық етуге тиіспіз. 
Батпақтармен де, 
Соқпақтармен де жүріп өтуге тиіспіз. 
Жолаушылармыз
Келеміз бірге, көреміз бірге барлығын.
Біріміз ерте, біріміз кештеу
Бөлігін, яки, қалдығын.
Шамаға қарай жүктеріміз бар, міндет қып баста жүктеген.
Жолаушылармыз
Бұл ұлы сапар! 
Жолымыз әлі бітпеген.
Бұл қызық сапар
Қиындығы бар, жеңілдігі бар көптеген.
Тосын жайлар бар, біз ойламаған, ойлай да алмаған, күтпеген.
Жолдар бар мұнда тарам да тарам, жүрген іздері кеппеген.
Біздердің ұлы арманымыз бар, бағытымыз бар беттеген!.
Жолаушылармыз
Жолықты бізге түрлі сапарлас
Айтсақ, айып етпеңдер.
Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өткендер,
Уәдені үйіп-төгіп, сертінен тайып кеткендер,
Сынаққа түссе сүріне кетпей, сабырын серік еткендер, 
Маңдай терімен еңбек етіп, асына адал жеткендер,
Оларға со-о-ндай мадақ айтардай Көк пен Жер
Мақтансүйгіш, тәкаппар, залым өктемдер.
Өлі балықтай жүзе алмаған, ағыспен бірге кеткендер.
Өзін өзі де тани алмай кеткен, ылғи бетперде кигендер, 
Ғашық жандар
  күмәнсіз сеніп, сүйгендер,
өздері жығылып жатып, сүрінген жанға күлгендер.
Кеткенде өкініп қалмау үшін, азығын жинап жүргендер, 
Алаңсыз жүріп күлгендер менен бәрінің
Баянсыздығын білгендер. 
Мұң жебесімен жаралап кеткен, Сағыныш сүйген мерген Күз.
Екпенің бәрін уақыттан алып, өкпенің бәрін көмгенбіз.
Күдікті жеңіп, бақытқа нанып, үмітке аппақ ергенбіз.
Егіліп, сеніп, 
Жеңіліп, жеңіп
Өмірде "өмір" көргенбіз...
Азабын қойшы, көрмеген кімдер?!
Мазағына да көнгенбіз.
Ғажабына да сенгенбіз!
Сынақ деп үлкен, қонақпыз жүрген
Қайту үшін келгенбіз.

ДОСЫМА

"Тәкаппар" деп айтады екен біреулер,
Айта берсін. Білмейді ғой мен жайлы.
Мең-зең күй де шығын сөзді үнемдер.
Сезінбеген шығар олар ондайды.
Шарасыздық шырмауында сөйлесем, 
Батылдық жоқ дауыстағы дірілде.
Мен қуансам, тек мұңая көрме сен!
Қуанышым үшін де бір күлімде.
Себеп таппай жүргендер бар құлатуға,
Білсін солар, сөнбейді бір үміт тек!
Мен жыласам тырыспа жұбатуға,
Үнсіз отыр немесе бұрылып кет!
Күмәнің болмас, сірә, достығыма?
Сәттерді айта аламын ұнамаған.
Мен өзгенің бақыты, шаттығына
Қызғанышсыз, шынайы қуана алам.
Көрсетпе ережеме қарсы қылық. 
Мұңаймаймын, егер сен күлімдесең.
Кедергіге қасқайып қарсы тұрып, 
Тағдырыма тіл тигізбей ғұмыр кешем!
Сыртымнан сөз айтпа мүлде сен шығып,
Білесің ғой, жек көремін ондайды! 
Жүзіме айт, көріп тұрсаң кемшілік, 
Өзгелерден есту жеңіл болмайды.
Қайғың болса, бөліс! Саған жеңіл болсын.
Мен мұңаған сәтте, бірақ, күлмейсің.
Достықтың іргетасы сенім болсын.
Сенімнен бір шықсаң, қайта кірмейсің.
Қажеттілік жоқ менде бетпердеге.
Төрде өлген жандар да көрге енеді.
Қаласаң, мен сүрінген сәттерде де
Сөге бер. Тек, мүсіркей көрме мені! 

БІЗДІҢ ЖАҚҚА КЕШ КЕЛЕДІ КҮЗ ДЕГЕН

(...ге)

Ауламызда сан алуан гүлдер бар.
Біздің жаққа кеш келеді күз деген.
Жаз соңында қимай санап күндерді әр,
Менмін күзді іздеген.
Жапырақ ше?
Күз келгенін қалай ма?
Күзді күту әдетім бе тек менің?
Күтіп жүрген мезгілімнің алайда
Аңғармай да қалам кіріп кеткенін.
Мен гүлдерге жанымменен жақынмын.
Гүл секілді күзде өле ме енді үміт?!
Ауладағы гүлді қимай отырмын,
Терезеге телміріп.
Өз-өзімнен ой ішінде үздігем,
Ақ мұңымды сары түске бояймын.
Ұнатпаймын...
Жо-жоқ, сүйем күзді мен!
Гүлді қимай, жапырақты аяймын.
Айта алмаймын ойымды бір адамға,
Күз көңілді Қияметке бұрады.
Ағаштан әр жапырақ құлағанда,
Жылағым кеп тұрады.
Тағдырың өзгермейді таласқаннан,
Есебің бар, өткеннің хатын ақтар.
Өлімді еске салады, ағаштардан
Сарғайып, жерге түскен жапырақтар.
Қинайтындай қимастықтың әлегі,
Тамшы іздеп түгесілген төзімнен.
Сұлу емес деме күзді
 Әдемі!
Көрші менің көзіммен!

 

ЖАУАП

...Жанарымда жылтырап, күміс мұңым сырғанап...
Тілсіз мұңын гүлдердің тек түн ғана тыңдамақ.
Неге деген бір сұрақ қалып қойды көкейде,
Ойларыма ой қосып, мұңдарыма мұң жамап.
Кінә болсын кешпейтін, жылу болсын өшпейтін,
Көңіл, шіркін, сонда да тек биікті көксейтін...
Үнсіздіктен ең оңай жауабым жоқ беретін, 
Үнсіздіктен ең ауыр жауап та жоқ еститін.

НАЗ

(...ға)

Мұңға оранып отырмашы түнеріп. 
Күрсінбеші, күрсінісіңде күн өліп. 
Сені сүйген мұң мені де мазалап
Екеуіміз де жүдедік.
Кірбің шалған көңілдегі мұңды ақтарып, 
Қос жанарың сендегі бар сырды ақтарып, 
Күрсінесің...
Сезбейсің сол сәттерде
Кететінін жанымның ұнтақталып.
Білем, жасандылықты жек көресің.
Жұбатармын, мейлі өзгелер өкпелетсін.
Бар мұңыңды ұмыт та, жымия сал
Көңілім көкке жетсін. 
Қазір Күз. Алғашқы айы. Бұл ай басы.
Жаз көңілді күйретіп мұңаймашы. 
Сен мұңайсаң еріксіз өрт құшамын.
Мені де бір ойлашы! 
    ...бір ойлашы...

БІЛЕСІЗ БЕ?

Үмітті ылғи күдіктің күзетерін,
Кей өкініш өрт емес, мұз екенін
Білесіз бе, елесі қымбат сәттің
Көздегі кадрлардан жүз өтерін?
Бір үміт мың тілекті құрайтынын, 
Барлығы өз қалауын сұрайтынын,
Білесіз бе, шоқ қарып шарасыздық
Тамшы болып жанардан құлайтынын?
Бақытты адамдар да жылайтынын,
Жылап жүріп, сындарға шыдайтынын
Білесіз бе? Мен өзі кештеу білдім
Бір жанның ұнайтынын...
Білемін, оның жарық Күн екенін!
Сеземін, жүрегінің жылы екенін.
Сонда да бірдей көрем Мұң екеуін
Сол жанның, білесіз бе, кім екенін?

***

Сені өзгеріп кетті деді, сенбедім.
Жан өзгертпес сенімім ең сен менің. 
Сен туралы бос сөзіне өзгенің
Сенер болсам -
Сені тірі көмгенім!
Шын сезімдер болмайды деп бөгетсіз,
Кей кездері кетсең дағы дерексіз, 
Гүл ұсынған жүректерді елемей,
Мұң ұсынған сені сүйдім себепсіз!
Тұман іші қанша үміттер көз ілді.
Сол шақтарды қайтарсаң ғой, қайтарсам.
Сен көзімнен оқып жүрген сезімді, 
Мен сөзіммен айтар едім, айта алсам.
Жол бөлінді. Кімге кінә тағамыз?
Әрі қарай қайда, қалай барамыз?
Сенсіресем - сен жанымдай жақынсың.
Сіз деп кетсем, алшақтауы арамыз.
Сен сор болсаң, мен бақыттан баз кешем!
Тек сен жайлы жыр жазамын жаз десең.
Біреу саған ұқсап кетсе, ұнайды
Сен ешкімге ұқсамашы, өзгешем!

 

***
Тоқтаусыз сырғыған сағаттың тіліндей,
Тым жылдам жылжыған уақыт-ай, білінбей.
Ай-жылдар көздегі кадрлар айналған.
Ойменен күн өткен кеше де бүгіндей.
Кеше де күн өткен, ай өткен, жыл өткен.
Жалғандық жауратқан ойларды мұң өпкен.
Сезіммен күткенде секундтар баяулап,
Жанарлар төзімнің тамшысын түлеткен.
Жалғыз Ай жұлдыздар жетектеп түн келген.
Жан кейде жылайды, жанарлар күлгенмен.
Білімің амалда көрініс таппаса,
Қайыр жоқ  - деуші еді бір досым, білгеннен.
Түн түгел таусылса, тағы да таң атпақ.
Құс біткен сайрайды-ау, Құдайды мадақтап.
Сезімге ерем де, сенделем ой іші
Көзімде түссіз мұң, қиялда қала аппақ..
Сөндірмей өтсем деп, сенімнің шырағын.
Күдікті күзетіп, үмітпен тұрамын.
Өзгеден қате іздеу - болмыста жат маған.
Кінәлі қашанда өзім боп шығамын...
Кінәлі өзім деп мұңайып, жайқалмай
Уақыт та өтеді, кетеді байқалмай.
Ой ішінде отырмын, ойлар тек ол жайлы. 
Ай үстінде отырмын, "кешір" деп айта алмай...

СЕНІ ІЗДЕДІМ 

Толассыз ой тыншымды алған түндерден,
Тәтті қиял тербеп өткен таңдардан,
Сұлулыққа ынтық еткен гүлдерден, 
Шексіздікке теңеу болған заңғардан,
Жүрегімді нысана етсе мұң мерген,
Мұңлықсың деп, 
Шындықпын деп сан жалған
Жауратқанда
 бұ дүние түрленген
Әлдекімге сәттерімде алданған, 
Әуеніне бұлт билеген биіктен,
Бала арманым мекен еткен таулардан,
Сан от кешіп, шала күйген күйіктен,
Жан сарайдың ішіндегі баулардан,
Құлазудан,
Қобалжудан,
Әттеңнен,
Ояну, таңдану мен көз ілуден,
Жыр жазудан,
Сөзге симас сәттерден,
Барыңды барымменен сезінуден,
Тербелістен, 
Тылсымнан,
Тартылыстан,
Қажеттілік, ұсыныс, сұраныстан,
Бойдағы үрей менен қорқыныштан,
Ғажайыптан,
Ғайыптан, 
Қуаныштан,
Түңілуден,
Жығылу, сүрінуден,
Қайта тұрып жүгіруден, 
Арманнан,
Сыртына, ішіне де үңілуден,
Жылтыры мен жыртығы көп жалғаннан,
Санаулы сәт сүретін шаттығымнан,
Ерте есейген сәбилік сұрақтардан,
Жүрегіме құйылған тәтті мұңнан,
Сәттерімнен себепсіз жылап қалған, 
Өкініштен,
Сүйсінуден,
Мейірден,
Ақыл-ойдың қияли сан өңінен,
Пенделіктен перде тіккен пейілден,
Жүректінің рухани әлемінен,
Суреттерден саналарда кей ілген
Жақсы ойлардың жадтағы дәнегінен,
Кездерден де ойдан күмән сейілген,
Ерке желдің салқындау сәлемінен,
Толқындардан,
Жасындай жарқылдардан,
Қарапайым қара жер топырақтан,
Жаныңа азық болмас алтындардан,
Күздігүн жүз жылаған жапырақтан,
Ғашықтықтан
Ғасырлық ғазалы бар, 
Сағыныштан,
Күтуден,
Бүкіл серттен,
Дәрігер уақыттан да жазары бар, 
Кей кеудеде болатын түтінді өрттен,
Санаға сіңіп қалған сенімдерден,
Сезімдерден ақылды басқаратын,
Жарысудан,
Жеңуден,
Жеңілгеннен,
Қимастықтан жанарда жас қалатын, 
Ұяттан,
Үміттерден,
Күдіктерден,
Жолдарымнан, іздерден жүріп келген, 
Жеңілдіктен,
Қиындықтан күліп жеңген,
Ғұмырда жиырма жыл сүріп келген
Сені іздедім, Сүйіктім!

 

КӨРГІМ КЕЛМЕЙДІ

Өз тілінде сөйлей алмас баласы, 
Мансап қуған адам көргім келмейді.
Құлдықтан бір арылмайтын санасы, 
Мәңгүрттенер қоғам көргім келмейді. 
Болса дағы көп ғимарат салынған, 
Мейірімсіз қала көргім келмейді. 
Бір көре алмай, өмір бойы сағынған
Ата-анасыз бала көргім келмейді.
Сан күнәға себепші боп қалатын,
Арсыз толы көше көргім келмейді. 
Өз перзентін тастап кете алатын, 
Әке менен шеше көргім келмейді. 
Қарттар үйінде үмітке еріп  кете алмай, 
Ұйқысыз күткен таңды көргім келмейді.
Ата-ананың қадіріне жете алмай,
Қабірін құшқан жанды көргім келмейді.
Бабалардан бізге дейін жалғасқан,
Салтын білмес ұлан көргім келмейді. 
Оқылмайтын, төрде тұрып шаң басқан
Беті ашылмас Құран көргім келмейді.
Көңіліңді тек бір сәтке алдайтын,
Үзіп, сыйлар гүл де көргім келмейді. 
Баламенен бірге көре алмайтын,
Көк жәшікті мүлде көргім келмейді.
Жылуы жоқ, жалғаны көп сөзінен, 
Жолдас болмас досты көргім келмейді. 
Бәрінен де бөбектердің көзінен, 
Тасты ерітер жасты көргім келмейді.

Ұлт порталы