04 там, 2016 сағат 09:57

Сәләфтық сайттарды мемлекет неге жаппай отыр?

Қазақстанда жылдың басынан бері 26 мыңнан аса сайт пен сілтеменің жұмысына шектеу қойылған. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Жыл басынан бері уәкілеттің органның қызметкерлері, яғни ҚР АҚМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіндегілер 26 266 сайт пен сілтемеге шектеу қойған. Олардың ішінде терроризм мазмұнындағы 2384 сайт, порнографиялық 21 690 сайт, өзіне-өзі қол жұмсау мазмұнындағы 2192 топтың жұмысы тоқтатылды. Қалған шектеу қойылған топтардың қатарында ұлт арасындағы араздықты қоздыратын және онлайн казинолар бар", - деді министрліктің баспасөз хатшысы Арсен Бектасов.

Әрине, мемлекеттің тұтастығы үшін жасалып жатқан министрліктің бұл бастамасын қолдаймыз. Десе де, мемлекетшіл болып көрінгісі келетін, сөйте тұра әрқашан да сәләфизм идеясын қолдап, өздерін сәләфит екенін ашық айтатын порталдарға ешкім тиіспеген. 

Сонымен қатар, сәләфиттік идеяны насихаттап жүрген, әртүрлі БАҚ-та қызмет ететін журналистер жайлы да министрлік бір шешімге келуі тиіс деп ойлаймыз. Себебі, Елбасының өзі сәләфизмді даттап отырғанда, оны ақтап алғысы келетін көптеген тілшілерге мемлекеттік баспасөз беттерінде мінбер беріп қойғанымыз өтірік емес.  

Ақтөбедегі ланкестік әрекетке ВКонтакте әлеуметтік желісінің әсері зор болғаны айтылған еді. Министрлік өкілі: "Біз ВКонтакте желісінің өкілдерімен жұмыс істеп жатырмыз. Олармен үнемі байланыстамыз. Оларға қай топтардың қызметін шектеу қажет екенін айтып отырамыз. Осылайша әлеуметтік желінің өкілдері қажетті топтардың жұмысына шектеу қойып отырады", - деген.

Соған қарағанда, министрлік әлі нақты қадамдарға бара қоймаған секілді. Десек те, алғашқы адым үшін 26 мыңнан аса сайттың жабылғаны көңіл қуантады. 

Іске, сәт!

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz